Қазір Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 284-ке жетіп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кетсек, бүгін Алматы облысында коронавирус диагнозымен тағы 2 адам тіркелді. Олар Қарасай және Еңбекшіқазақ ауданында анықталған.
Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші жағдайда инфекция Қарасай ауданының Кемертоған ауылында тұратын 41 жастағы әйелден анықталды. Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылған онымен қарым-қатынаста болған 6 адам, соның ішінде өзінің күйеуі мен 2020 жылы туған сәбиі де карантинге алынды.
Екінші жағдайда ағайын-туыстар Өзбекстандағы үйлену тойына өз шағын автобустарымен барған. Өзбекстаннан 14 адамның келгені туралы мәліметті Түркістан облысындағы санитарлық-эпидемиологиялық мамандар хабарлап, облысқа келген бетте олар провизорлық стационарға жатқызылған. Соның ішінде 60 жастағы әйелден вирус анықталды. Қазір ол Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылды. Ал онымен қарым-қатынаста болған өзгелері карантинде.
Одан бөлек, 30 наурыз күнгі сағат 00.20-дағы жағдай бойынша, коронавиурс індетін жұқтырудың тағы бір оқиғасы Ақтөбе облысында тіркелді. Науқас Түркияның Ыстанбұл қаласынан Ақтауға, Ақтаудан Ақтөбеге ұшып келген. Онымен бірге ұшақтан түскен барлық 18 адам оқшауланып, анализ алынды.