$ 441.58  480  4.86

Қызылорда облысында 30-дан астам ауыл ауыз суға жарымай отыр

Мысалы, 600-ден астам түтіні бар ауылдың күні су таситын екі тракторға қарап отыр. Ауыз су жүйесі елді мекен құрылғалы болмаған.
фото: zhasalash.kz
фото: zhasalash.kz

Қызылорда облысында құдықтан су ішіп отырған ауылдар бар. Мысалы, Шиелі ауданындағы Балаби ауылына осыдан 3-4 жыл бұрын ауыз су жүйесі жүргізілген. Бірақ, тұрғындар оның игілігін әлі күнге дейін көре алмай келеді. 600-ден астам түтіні бар ауылдың күні су таситын екі тракторға қарап отыр. Ауыз су жүйесі елді мекен құрылғалы болмаған.

Тіршілік нәрінен қағылған әрі налыған жұрт ұзақ жылдардан бері суды сатып алып келеді. Ауыл тұрғыны Гүлзия Жұмабаева «ақпанадан суды қауғамен тартып, құтылап тасу бейнетінен арыла алмадық», - деп қапалы. «Бұны біз жиі-жиі тазартып тұрамыз. Әйтпесе, су жарамсыз болып, борсып, құрттап кетеді», – дейді ол.

Ауыл тұрғынының айтып отырғаны – су толтырып қоятын 1-3 тонналық төрт қырлы резервуар цемент құдық. Жергілікті жұрт оны «ақпана» атап кеткен. Халық көп шоғырланған елді мекенге осыдан біраз жыл бұрын су құбырлары тартылғанымен, ел күткен игі іс аяқсыз қалған. 2014 жылы бұл жоба қайта қолға алынып, әр үйге су құрылғылары орнатылған. Бірақ, одан бері де біраз жыл өтті. Ағып тұрған су жоқ.

«Күнделікті екі трактор су тасып тұр. Әр үйде 1-2-3 тонналық ақпаналар бар. Соған 1800 теңгеден құйғызып, ішіп отырмыз. Басқа амалымыз жоқ. Айта-айта қойдық. Аңқасы кепкен жұрт суды сатып алып ішуге мәжбүр», – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Сейітмағанбетов.

Шиелі ауданында Балаби секілді Жөлек, Бәйгеқұм ауылдары да орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылуды күтіп тұр. Ал құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуына жобаға енгізілген бірқатар өзгерістер себеп болыпты. Дегенмен, су биылдан қалмай әр үйге беріледі дейді мамандар. Бұл туралы Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов айтып берді.

«Ауыз су мәселесінің тезірек шешімін табуына біз де мүдделіміз. Қазір осы халықтың да алаңдап отырғаны – құрылыстың ұзаққа созылып кеткені. Біз Су ресурстары комитетімен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. Осы сәуір айының аяғында тапсыруға жұмыс істеудеміз», – деді ол.

Жалпы, облыста 30-дан астам ауыл әлі күнге дейін суды тасып ішеді. Жергілікті биліктің жоспары бойынша, 2023 жылға дейін барлық елді мекен сапалы ауыз су жүйесімен 100 пайыз қамтылады деп күтілуде.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары