09.04.2020, 06:15

Кеше түскен қардың ызғарынан Түркістан қаласына жылуды қайта қосуға тура келді

«Бұған қоса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмір жеткізілетін болады», - дейді жер үйлері басым қаланың басшысы.

Қазір еліміздің оңтүстігіне қалың қар түсіп, соның ызғары жергілікті тұрғындарды қалтыратып жіберді. Сол себепті, Түркістан қаласында өшірілген жылуды қайта қосуға тура келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қала әкімі Рашид Аюпов facebook парақшасына күннің күрт суытуына байланысты, көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін орталық жылу қазандығын қайта қостырғанын жазды.

«Алдымыздағы бірнеше күн бойы ауа температурасының төмендеуіне байланысты, жауапты мамандарға көпқабатты үйлердің жылуын қайта қосуды тапсырдым. Бұған қоса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмір жеткізілетін болады. Қазіргі уақытта «Отырар» ықшамауданына жылу берілсе, 1 және 2-мөлтекаудандардағы ақаулар ретке келтіріліп, бір-екі сағат ішінде іске қосылмақ»,- дейді жер үйлері басым қаланың басшысы.