Жамбыл облысында дауы арылмаған Меркі аудандық ауруханасының тағы бір дәрігері бейнеүндеу жолдады. Қаламқас Төреқұл әріптесі Толқынай Ордабаеваның айтқандарының бәрі ақиқат дейді. Яғни, ол аталмыш емдеу мекемесінің қызметкерлеріне жұқпадан қорғану жағдайы жасалмағанын растап отыр, деп хабарлады КТК телеарнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Біздің маскамыз кәдімгі төсек жаймасынан тігілген. Бізге ешқандай маска берілген жоқ. Вирус басталғалы, өтірік айтпасам, 3-4 маска берілген шығар. Қолдан тігіп алуды сұрайды. Антисептік, басқа да жағдай толық қамтылмаған", - деді Меркі аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Қаламқас Төреқұл.
Жас маман осылайша «басымызды бәйгеге тігуге мәжбүрміз» дейді. Ол бұрын болмаған бетперде мен өзге де вирустан қорғану құралдарының Ордабаеваның кабинетінен табылғанына да аң-таң. Ал бұндай деректі тексеріске келген жергілікті комиссия анықтапты. Оларға сенбейтінін ашық айтқан Қаламқас, бұл істі қадағалауға «Нұр-Сұлтаннан арнайы топ жіберілсін» дейді.
Тағы оқи отырыңыз:
Шындықты айтқан дәрігерге қысым жасалуына Денсаулық сақтау министрлігінің қатысы бар ма?
Видеода аудандық аурухананың басшылық құрамы бір-біріне туыс, тіпті олардың облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына да жақындығы бар делінген. Ал Марат Жұманқұлов бұл уәжге қатысты жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. «Тек тексеру қорытындысы біткен соң түсініктеме беремін» - деп құтылды. Бірақ сол тексеруден нәтиже шығатынына меркелік дәрігерлер сенбей отыр.
"Бізде отырған басшылық экономист, одан кейін бір-біріне туысқандар, апалы-сіңлілер. Ал біздің облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы жерде отырған бас дәрігердің күйеу баласы. Олардың бәрі таныстықпен, өздерінің сөздерін сөйлеп, бір-бірінің сөзін дұрыс деп шығарып алады", - деді Меркі аудандық ауруханасының жалпы тәжірибелі дәрігері Қаламқас Төреқұл.