Журналист, ғалым Қуандық Шамахайұлы қазір «Қытайдың құрығы ұзарғанын» айтып, халықты сақ болуға, елдің дербестігін сақтауға шақырды. Ол бұл ойын facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«ҚХР ресми сайттары Қазақстанға сес көрсетуді бастап кетті. Олар Қытайдың қол астына кіруді «қайта оралу» деп атап, олар емес, біз өзіміз соларға мұқтаж болып отырғандай еш шімірікпестен айтып жатыр. Расымен де, Қытайды астыртын жақтаушылар ел ішінде бар ма? Қазір қытайдың құрығы ұзарды. Оның қанды шеңгелі мен темір құрсауы кез келген жерден кімді болса да құрықтай алатын жағдайға жетіп отыр дейтіндер де бар.
Ақшамен ауыздарын ұрып, өздеріне қызмет еткізіп қоятын жалдамалы құлдары көршілес елдерде мейлінше көбейген болса, бұл өте қауіпті. Қытайдың зұлымдығын әшкерелеп, коммунистердің азапты лагерлеріне қарсы күрескен жандарды тұқыртудың алуан түрлі айла-амалдары мен зұлымдықтарды ойлап табудан қытайлар еш тайынбас. Қытайдың отарлау саясатына қарсы болған азаматтардың еш кінәсі болмағанымен, қандай да бір жолмен өз елінде жүріп те қытайлық күштердің ықпалымен түрлі қысымға ұшырамасына, жазықсыз зардап шекпесіне кепілдік бар ма?!» - деп көпшілікті ойландырарлық сұрақ қойды.
Көкейіндегісін әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жеткізген журналист мұнымен тоқтамады.
«Егер көптеген көршілес елдерде өз ұлтының мүддесін сатып, қытай отаршыларына жағымды пікір айтып, компартияның суайт елшілерінің сөзін сөйлеп, компартияның астыртын әрекеттерін жақтаған «жұмсақ күштер» итше тойынып, шошқаша семіріп жатса, оған да таңқалуға болмайды. Сақ болайық, еліміздің дербестігін қорғайық!» - деп елді жұмылған жұдырықтай бірігуге үндеді.
Айтпақшы, 11 сәуірде "kazgazeta.kz" сайтында тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлының "Көсеуі ұзынның қолы күймейді немесе атышулы мақаланың артында кім тұр?" деген көлемді мақаласы жарық көрген болатын. Онда мақала авторы Қытайдың әйгілі «Соху» сайтының «Тарих» бағанында жарияланған Қазақстанның тарихын, мемлекеттілігі мен тәуелсіздігін жоққа шығаратын, халқының ар-намысына тиетін мақаланы оқып шыққандығы жайлы жазған.
Тағы оқи отырыңыз: «Карантин - тек қана себеп»: Мұхтар Тайжанның жазбасы қызу талқыға түсті
Бұл мақала әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көптеген оқырмандарды елең еткізгені жасырын емес. Сірә, Қуандық Шамахайұлының қытайлар туралы ойы осы мақаланы оқығаннан кейін туындаса керек.