Орайы келсе, ойындағысын айтып қалудан тартынбайтын белгілі кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай министрліктің цифрландыру саласындағы көп жылдары бойы жасаған ұрлықтары әшкереленіп жатқанын айтты. Мұнымен қоймай, денсаулық саласындағы қордаланған проблемаларды шешудің бірнеше жолын ұсынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Коронавирус жұқтырғандардың арасында медицина мамандары да бар екендігін алға тартқан ол, Денсаулық сақтау министрлігінің жымысқы әрекеттері су бетіне қалқып шыққанын тілге тиек етті.
"Кеше Алматы қаласында дәрiгерлердiң арасында коронавируспен ауырғандардың саны күрт өстi. 14 адамның iшiнен 12-сi медицина қызметкері. Денсаулық сақтау министрлiгiнiң былықтары күн сайын шелек-шелек болып шығуда. Мiне, осы министрлiктiң көп жылдар бойы цифрландыру саласындағы ұрлықтары да шығып жатыр. Проблемаларды шешу үшiн не iстеу керек?
Кез келген проблемалық ахуалдан шығу үшiн мiндеттi түрде үш нәрсе жасау керек:
1. Проблеманы мойындау. 2. Проблеманың жасаған залалын азайту. 3. Проблеманы тұғызған әдеттi тоқтату.
Ал бiз не көрiп отырмыз?
Денсаулық министрлiгi:
1. Проблемаларды мойындамайды. 2. Залалын одан сайын көбейтiп жатыр. 3. Өз әдеттерiн жалғастыруда.
Бұған қоғам болып тосқауыл қоймасақ, бұлардың өз қателiктерiн мойындайтын түрi жоқ", - деді Марғұлан Сейсембай facebook парақшасында.
Тағы оқи отырыңыз: «Біздің дәрігерлер автоматқа қарсы күрекпен соғысып жүрген жауынгерлер тәрізді» - саясаттанушы
«Бізде отделениеде совсем больной жоқ!»: үйлеріне бара алмай жатқан дәрігерлер шу шығарды (ВИДЕО)
Ал қоғамдық мәселелерде де, желіде де белсенді кәсіпкердің жазбасын оқығандар: "Олар мойындау былай тұрсын, олар флешмоб жасап жүр ғой", "Жүйелі қателікке жүйелі түзету керек", - десті.