$ 446.49  475.38  4.79

Алматыда 42 500 теңгелік көмекті 360 мыңнан астам адам алды

Жалпы өтініш білдіргендердің саны - 830 315 адам болса, оларға жалпы 15,4 млрд теңге берілді.

Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашеваның айтуынша, бүгінге дейін 361 548 алматылыққа 42 500 әдеуметтік жәрдем ақы берілген, - деп хабарлайды Sn.kz.

Жалпы өтініш білдіргендердің саны - 830 315 адам болса, оларға жалпы 15,4 млрд теңге берілді.

Сонымен бірге, Алматыда төтенше жағдай режимі кезінде 62 мыңға жуық азаматқа әлеуметтік көмек берілген. Бұл көмекті алғандар қатарында І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер, отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылар, жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған азаматтар бар.

«Өздеріңіз білесіздер Nur Otan партиясының бастамасымен BizBirgemiz жобасы аясында 50 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Оны 23 мыңнан астам қала тұрғыны алды, енді екінші кезекте тағы 29 мыңнан астам адам осы көмекті алады. «Жаңа Алатау» қорының қолдауымен 10 243 адамға азық-түлік қоржыны берілді. Бұл жұмыс жалғаса береді», - деді Рахат Шимашева.

Алматылық Зарина Сарсекеева үйде отырып кондитерлік өнімдерді жасап сатумен айналысқан. Елімізде Төтенше жағдай жарияланып, карантин режимі енгізілгелі бері оның өнімдеріне сұраныс тоқтаған. Мемлекет тарапынан жәрдемақы беріледі деген ақпаратты естіген соң, өзін-өзі жұмыспен қамтитын санатты таңдап, бірыңғай жинақтық төлем төлеген.

Осылайша алматылық кондитер келіншекке 42 500 теңге беру мақұлданған.

«Шотыма 42 500 теңге түскенде, қуанышымда шек жоқ еді. Әрине, өте қатты қуандым. Сол ақшаны бірден алып балаларға витамин алдым, иогурт алдым. Балаларым да, мен де, үй ішімізбен қуандық. Көп рақметімді айтқым келеді. Осындай қолдау болғанға бәріміз қуанып отырмыз. Осының алдында сәуірдің басында әкімдіктен тағы бір көмек келді. «Азық-түлік себеті» дейді. Соны да алдық. Оның ішінде бір, бір жарым айлық тамақ болды», – деді қала тұрғыны Зарина Сарсекеева.

Заринаның үш баласы бар, оның бірі сырқат және оның күнделікті еміне қаржы керек. Кейіпкеріміздің сөзінше, қиын кезеңде ел тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолғабыс оның отбасы үшін өте маңызды.

Айта кетейік, Еңбек министрлігі 42 500 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыны төтенше жағдай режимі кезінде екінші рет алу мүмкіндігі туралы хабарлады. Қазақстандықтар 42 500 теңге жәрдемақыны екінші рет ала алады, өйткені төтенше жағдай режимі ұзартылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нариман Мұқышев мәлімдеген болатын.

«Біз 42 500 теңге табысынан айырылған қазақстандықтарға ай сайын беріледі деп айтқан едік. Әрине, төтенше жағдай ұзартылғаннан кейін азаматтар бұл төлемді екінші рет алады», - деді Мұқышев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары