Жаттығудың жілігін шағып, майын ішкен мамандар аптасына бар-жоғы 3-4 рет жасап, керемет нәтижеге жетуге болатын жаттығу түрлерін ұсынды. Мұндай жаттығулар артық күшсіз, диетасыз артық салмақтан арылтып, сымбатты болуға көмектеседі. Ең бастысы - аз уақытта!
Мінсіз мүсіннің иесі атану үшін сіз қол, аяқ, жамбас, бел бұлшықеттерін шынықтырып, ішті тартуыңыз қажет. Осы әрекеттердің барлығын бір мезетте орындауға болатын жаттығу бар. Ол – теріс планка.
Жаттығуды қалай дұрыс орындау керек?
Еденге отырып, аяқты алға созасыз, қолды түзу ұстаңыз. Содан кейін жамбасты еденнен көтеріп аяқ пен денеңіздің арасының түзу болғанын бақылаңыз. Осы сәтте іш, бел және қол бұлшықеттері жұмыс жасай бастайды. Егер бұлшықеттеріңізде осы кезде діріл пайда болса қорықпаңыз. Себебі, олар қозғалысқа түсіп жатыр. Әрі бұлшықеттеріңіз бұрын-соңды жиі жаттықпаған болса дірілдеуі қалыпты.
Осы қалыпта өзіңізді неғұрлым ұзағырақ ұстап тұрыңыз. Ал жаңадан бастаушыларға 20 секунд жеткілікті. Күнде жаттығу арқылы 1 минутқа дейін жеткізуіңізге болады. Бірер аптадан соң нәтижесін көре бастайсыз.
Кейін келе сіз аяқты көтеру арқылы бұл жаттығуды күрделендіре аласыз. Бұл бұлшықеттердің күшті болуына әсер етеді.
Бұлшықеттерді жаттықтыру үшін тізені бүгіп, жамбасты еденге тигізіп, қайтадан көтеріп жасау керек. Бұл жаттығу бел және жамбас бөлігінің бұлшықеттері үшін пайдалы.
Дереккөз: Еrnur.kz