Карантин жағдайында Талдықорғандық әжелер смартфон арқылы коммуналдық төлем төлеп, жаттықтырушымен онлайн режимінде жаттығу жасап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Зейнеткерлердің заманауи техника тілін меңгеріп, компьютерлік білімін арттыруға «Достар» егде жастағылар клубы ұйытқы болған.
Кәусәрия Яушева бас қаладағы баласымен онлайн режимінде байланысып, аман-саулығын сұрасып тұрады. Өзінің де жағдайын айтады. Компьютерлік сауаттылығын арттырған әжей коммуналдық төлемдерді де телефон арқылы төлейді екен. Клуб мүшелерімен де қарым қатынасын үзбейді.
"Мен үшін ең маңыздысы – қоғаммен байланыс. Яғни, біз үйде отырсақ та, бала-шағамен, замандастарымызбен араласып тұрамыз. Біреу тағам жасау жолын айтады, енді бірі денсаулықты жақсарту тәсілдерімен бөліседі. Бір-бірімізді қолдап отырамыз. Жабырқаса, жақсы сөз айтып, көңілін аулаймыз. Оптимистік көзқарас қалыптастырамыз", - дейді зейнеткер Кәусәрия Яушева.
«Достар» клубы былтыр қаржылай грантқа қол жеткізген. 3 млн теңгеге ғимарат ішін жөндеп, жүгіруге арналған құрылғыларды сатып алыпты. Спорт залда мүгедектер мен тұрмысы төмен және жалғыз қалған әжелер үшін тегін жаттығу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Өзгелер ақылы негізде шынығады. Карантинге дейін барлығы бірге жаттықса, қазір онлайн режимге көшкен.
"Зейнетке шыққан соң егде жастағылардың белсенділігі төмендейді. Бұл олардың өмір сапасының нашарлауына ықпал етеді. Яғни, қартаю процесі жылдамдайды. Оны баяулату үшін жаттығу жасау керек. Сонда ширақ қимылдайтын болады. Біздің мақсат – 50 жастан асқан кісілердің өзіне деген сүйіспеншілігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға үйрету", - дейді «Достар» егде жастағылар клубының жетекшісі Светлана Сәдуақасова.
Ұйым қазан айынан бері жұмыс істеп келеді. Алғашында спорт залға небәрі 15 адам келсе, қазір олардың саны 100-ден асқан.
«Тұрақты түрде жасалған жаттығу нәтижесінде егде жастағылардың денсаулығы жақсарып, белсенділігі артып келеді», - дейді клуб жетекшісі.