$ 494.87  520.65  4.91

«Киімнің бәрін үйде кептіреміз»: Павлодар облысында тұтас бір ауыл шошқа сасып отыр

Тұрғындар мұңын шағып, талай табалдырықты тоздырған. Алайда, ешқайсысынан қайыр болмапты. 10 жылдан бері құлақ асар жан таппаған.
фото: egemen.kz
фото: egemen.kz

Павлодарда бүтін бір ауыл тұрғындары шошқа фермасынан жапа шегіп отыр. Қорадан шығатын күлімсі иіс кешкісін ауылға тарайтын көрінеді. Сасық иіске тұншықтық деген тұрғындар бас көтеріп, ферманың басқа жаққа көшірілуін талап етті. Өйткені, 10 жылдан бері жағымсыз иіске шыдап келген тұрғындардың төзімі әбден түгесілген, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Тайлы тұяғы қалмай жиналған ауылдықтардың ашуы қатты. Өйткені, соңғы бір айда күлімсі иіс тіптен үдей түскен. Сабыры сарқылған жұрт ферманың алдына барып шу шығарды. Алайда, ауылдастарының мұңын тыңдауға күзетшіден басқа ешкім шықпады.

«Бұл иіс бүкіл ауылға мүңкіп тұр. Балаларды кешке шығара алмаймыз. Киімнің бәрін үйде кептіреміз. Үйде қазіргі кезде мына бірдемелер ұшып жүреді. Ол бәрі төсекке жұғады. Оны да шығара алмаймыз. Енді кешке жақын шығарайын десең, мына иістен шығара алмайсың», - дейді Әлия Айдарқызы есімді тұрғын.

Ал екінші тұрғын Алмахан Жайнақызы өзінің 13 жылдан бері ауырып жүргенін айтты. Дәрігер оның себебі шошқаның иісіне аллергиясы бар екендігімен түсіндірген.

Шошқаның тезегінен ауру болдық деген ауылдықтар ферманың басқа жаққа көшірілуін қалайды. Өйткені, кәсіпорын ауылдың дәл ортасында орналасқан. Сондықтан да иіс желмен бірге үйге де кіреді деп отыр.

Тұрғындардың айтуынша, бордақылау алаңынан шыққан қалдықтар тиісті орынға төгілмейді. Тіпті, ауыл шеті доңыздың тезегінің қоқыс алаңына айналыпты.

Тұрғындар мұңын шағып, талай табалдырықты тоздырған. Алайда, ешқайсысынан қайыр болмапты. 10 жылдан бері құлақ асар жан таппаған. Ал ауыл әкімі кәсіпорынды тексеру біздің құзырымызға кірмейді, сондықтан тиісті органдарға хат жолдадық деп отыр.

«Көктемдік дала жұмыстары басталғанда ол иіс көп шығады. Өйткені, олар егін салады ол кезде. Мына шошқаның қалдықтарын бәрін өзі орашемый участокке жіберіп, удобрять етеді, сол кезде шығады», - дейді ауыл әкімі Сырым Рушанов.

Ал кәсіпорын мамандары бұған осы жерден үй салуға рұқсат берген жергілікті шенділерді кінәлайды. Өйткені, олар санитарлық талапты сақтамай, тұрғындарға ферма аумағынан жер берген. Себебі, ферма алғаш салынған кезде бұл маң жазық дала болған дейді кәсіпорын маманы.

«Бізде әр тоқсан сайын лабораториялық зерттеу шаралары жүргізіледі. Яғни, ауадан, судан, топырақтан сынама алынады. Осы кезге дейін бұл сынама көрсеткіштері санитарлық нормадан асқан емес. Үнемі экология басқармасы, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жоспарлы, жоспарсыз тексерулер жүргізіп тұрады», - дейді ЖШС маркетинг бөлімінің басшысы Наталья Витвицкая.

Осылайша, ферманы көшіру олардың жоспарында жоқ екені белгілі болды. Сондықтан мәселені тұрғындарға үй салуға жер берген жергілікті шенділер шешсін деп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары