$ 448.15  483.46  4.86

«Бұл мәселе бірнеше рет көтерілді...»: биыл қызылордалық күрішшілерге субсидия мүлде төленбеуі мүмкін

Осылайша, күрішшілер шамамен 1 млрд 400 мың теңгеден қағылып отыр.
фото: turkystan.kz
фото: turkystan.kz

Доллармен бірге ауыл шаруашылығы техникалары мен қосалқы бөлшектердің бағасы қымбаттап кетті. Ал мемлекеттік қолдау көлемі бұрынғы қалпында қалып отыр. Тіпті, күріштің әр тоннасына берілетін субсидия биыл мүлдем төленбеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Комбайндарымыз бұрын құны 115-120 миллион теңге тұратын болса, қазіргі таңда олар 180 миллион теңгеге дейін өсіп кетті. Сондықтан инвест субсидияны қайтадан қарастырса деген өтінішіміз бар. Әзірге осы техникаларды, субсидияларды ескі бағамен алып жатырмыз», - дейді серіктестік директоры Мағжан Ералиев.

Сыр өңірінің басты дақылына берілетін субсидияның тағы бір түрі бар. Ол өндірілген өнімнің әр тоннасына есептеледі. Биыл бұл көмек берілмейді екен. Осылайша, күрішшілер шамамен 1 млрд 400 мың теңгеден қағылып отыр. 

«Күздік күріштен алатын субсидиямызды биылдан бастап бермейді деген хабар келіп жатыр. Соған байланысты, кәсіпкерлік палатасы көптеген кәсіпкерлерге осы мәселені шешіп берсе, оның өзі үлкен көмек деп есептейміз», - дейді күріш өндіруші кәсіпорын өкілі Азамат Жалғасұлы.

Күрішшілерді қолдау мәселесімен кәсіпкерлік палатасы айналысуда. Әлемдік экономикадағы қиындықтар кезеңінде Сыр диқандарына қолдау маңызды. «Бұл – ауыл шаруашылығы өнімінің баға тұрақтылығына тікелей әсер етері анық», - дейді мамандар.

«Шаруашылықтарға оңай емес. Сондықтан, ең болмаса, 2021 жылға дейін созуын біз өтінеміз. Екінші мәселеміз – ауыл шаруашылығы министрлігі инвест субсидияның ережелерін қайта қарап, бүгінгі кризис уақытында тез арада осыны шешіп берсе екен дейміз. Бұған дейін бұл мәселе бірнеше рет көтерілді, жиналыстарда айтылды. Бірақ, әзірге жауапты естімей отырмыз», - дейді агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков.

Дүниені дүрліктірген пандемия күріш экспортына да кедергі келтірді. 30 маусымға дейін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен өзге елдерге бірқатар азық-түлікті шығаруға тыйым салынғаны белгілі. Оның тізімінде күріш те бар еді. Бұл қызылордалық өндірушілерді алаңдатқаны сөзсіз. Өйткені, мыңдаған отбасының әлеуметтік жағдайы осы Сыр маржанымен тығыз байланысты.

«Біздің күрішшілер, жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлеріміз ұзақ мерзімді келісім-шарттарға отырып қойған күзге дейін. Яғни, олардың өздерінің шетелдік міндеттемелері бар. Сосын біздің ауылшаруашылық саласындағы кәсіпкерлер табысының басым көпшілігі экспорттан түседі. Бұл мәселені біз орталық аппаратқа жеткіздік. Сөйтіп, орталық аппарат тиісті шаралар қабылдап, тиісті министрлікке жеткізді. Сөйтіп, бұл мәселе оң шешімін тапты. Яғни, біздің күрішке қазіргі таңда ешқандай шектеу жоқ. Кедергісіз экспортқа шығарылады», - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылыков.

Айта кетейік, мамандар күріш өндірушілердің қосымша құн салығы да мемлекеттік қолдау аясында 12%-тен 8%-ке төмендетілгенін айтады. Алайда, қысылтаяң кезеңде ел ырысын еселеу жолында тер төккен диқандарды титықтатып тұрған тағы бір түйткіл – тіршілік нәрінің тапшылығы.

Егін маусымында өңірге 7,5 млрд текше метр су қажет. Ал Шардара мен Көксарайды қосқандағы қор 6,5 млрд текше метр шамасында. Қалай дегенмен, Ақмешіт атырабында егін науқаны қыза түсті. Облыс бойынша 183 мың гектарға дән себілмек. Ал ақмаржанның ауқымы 88 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы көлеммен бірдей.

Мамандар Сырдариядан бұйырған несібені үнемдеп, әрі тиімді пайдалану шараларына барынша басымдық бермек. Нәтижесін күзде көреміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары