Су тасқынынан шардап шеккен Мақтарал ауданына «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры атынан 20 тонна азық-түлік жеткізілді. Аталған қайырымдылық көшін қор мүшесі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер Қайрат Құдайбергеннің өзі бастап келген, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.
20 тонналық көмектің ішінде азық-түліктен бөлек, жеке бас гигиенасына қажетті 18 түрлі заттар мен балаларға арналған тәттілер бар.
«Осындай қиын жағдайды естіп, біліп отырып, әрекет жасамау азаматтығымызға сын деп есептеймін. Мақтарал халқына Алла сабыр мен төзімділік берсін! Бұл қиындықты да қазақ халқы ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында еңсеретініне сенімдімін. Бүгінгі көмекке өз үлесін қосқан қайырымды барша жанға шынайы алғыс білдіреміз», - деді Қайрат Құдайберген.
«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорынан келген 20 тонна жүк түгелімен Атакент кентінде орналасқан арнайы қоймаға түсірілді. Қордың Мақтарал ауданына деген көмегі мұнымен шектеліп қалған жоқ. Қайрат Құдайберген қор атынан «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына 200 миллион теңге аударылғанын да жеткізді.