08.05.2020, 01:47

Атыраудан Мақтааралға 150 тонна азық-түлік жөнелтілді

Гуманитарлық көмек көрсету Атырау облысы әкімдігі тарапынан да жалғасуда.

Атыраудан Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Атыраудан 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген гуманитарлық көмекті жеткізу үшін 6 жүк көлігі, 20 «Газель» мен 2 жеңіл көліктен құралған керуен жолға шықты.

«Екі тәулік шамасында атыраулық ағайынның аманатын Мақтааралға жеткіземіз. Сонымен қатар, Атырау қаласы халқынан бөлек, мұнайлы өңірге қарасты 7 ауданның жастары жинаған 15 миллион теңге Мақтарал ауданының халқына беріледі.​ Талай қиындықты халқымыз бірліктің арқасында жеңген. Бұл сынақты да бірге өткереміз. Біз біргеміз», - дейді ұйымдастырушылар.​

Кеше Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Мақтааралға көмек көрсету мақсатында арнайы қорға қаржы жинау басталды. Гуманитарлық көмек көрсету Атырау облысы әкімдігі тарапынан да жалғасуда.