$ 443.37  474.49  4.83

Елордалық жалғызбасты ана үш жыл тоқаш сатқан дүңгіршегінен айрылып қалуы мүмкін

Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілдері кәсіпкерге бұған дейін 3 рет ескерту жасадық деп отыр. Құжатты рәсімдеуге де уақыт берген көрінеді. Алайда, кәсіпкердің асықпайтынын жеткізді.

Елордада жалғызбасты ана өз кәсібінен айрылып қалуы мүмкін. Байқоңыр ауданының әкімдігі 3 жылдан бері тоқаш сатып, нәпақа тауып жүрген кәсіпкердің дүңгіршегін алып тастамақ. Әкімдік мамандары кәсіпкердің дүңгіршегі заңсыз орнатылған деп отыр. Алайда, шағын кәсіп иесі мұндай шешіммен келіспейді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Кәсіпкердің осы шағын ғана дүңгіршекпен жан бағып отырғанына 3 жыл болған. Оның айтуынша, жалғызбасты анаға кәсібін дөңгелетуге қаланың бұрыңғы әкімі Әсет Исекешовтің өзі қолғабыс еткен. Алайда, арада біраз жыл өтіп, белгісіз себептермен Байқоңыр ауданының әкімдігі дүңгіршекті жабу керектігін айтқан.

Шағын дүңгіршек иесі – мүгедектігіне қарамастан, ешкімге қол жаймай, өз нәсібесін кәсібінен тапқан жан. Дегенмен, табысынан айрылу қаупі төніп тұрғанына алаңдаулы. Тексере келе, құжаттарының толық емес екені анықталған. Бұған дейін ешқандай тексеріс келмегенін айтқан ол, құжаттарын рәсімдеуге уақыт сұрап отыр.

«Ешқандай заңға қайшы шығатын ана емеспін. Ораза кезінде әкім халыққа жақын деген сөз бар ғой. Мынадай документтерді туралаңыз деп жер инспекторы ма, басқа ма, маған жол көрсетсе, мен барлығын реттеуге дайынмын», - дейді Раушан Қабышева.

Ал Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілдері кәсіпкерге бұған дейін 3 рет ескерту жасадық деп отыр. Құжатты рәсімдеуге де уақыт берген көрінеді. Алайда, кәсіпкердің асықпайтынын жеткізді. Енді жауапты мамандар құжаттарды рәсімдеуге тағы да уақыт беруге дайын.

«Ол кісінің сол орында қалуға мүмкіндігі бар. Ол үшін дүңгіршек иесі «Астана» әлеуметтік корпорациясына жүгінуі тиіс. Өтінішке қарай, корпорция мен әкімдік шешім шығарады. Ол жерде ешқандай талап бұзылмай, рұқсат беруге мүмкіндік болатын болса, кәсіпкерге қалдыруға немесе конкурсқа беруге дайынбыз», - дейді Байқоңыр аудандық Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Арайбек Хамзиев.

Ол жыл басынан бері Байқоңыр ауданында 15-ке жуық дүңгіршек алынып тасталғанын айтты. Сондай-ақ, мұндай заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін өзге де кәсіп иелерін ортақ талаптарды уақытында орындауға шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары