$ 494.87  520.65  4.91

Нұр-Сұлтанда маска тақпаған жолаушылар бірден автобустан түсірілетін болды

CTS компаниясының қызметкерлері таңғы сағат 6-дан бастап қоғамдық көлік тоқтағанша жолаушылармен жұмыс жүргізуде.
фото: khabar.kz
фото: khabar.kz

Елордада қоғамдық көліктерде жолаушылар маска тағып жүруге міндетті. Өйтпеген жағдайда автобусқа отырғызылмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

CTS компаниясының қызметкерлері таңғы сағат 6-дан бастап қоғамдық көлік тоқтағанша жолаушылармен жұмыс жүргізуде. Олар адамдардың маска тағуын тексеріп, сақтық шараларын түсіндіріп жатыр.

«Жолаушыда маска болмаған жағдайда автобустан түсуді өтінеміз. Бұған қоса, автобус іші жолаушыға 50 пайыз толғанда аялдамаға тоқтағанымен, алдыңғы есігі ашылмайды. Жүргізуші басқа жолаушыларды шығару үшін қалған есіктерді ашады. Бұл шаралар қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалады», - деп атап өтті аталған компаниядан.

Ескерте кетсек, елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырда алынды. Эпидемиялогиялық ахуалдың жақсаруына байланысты, шектеу шаралары да біртіндеп жұмсартылуда. Сол себепті, қоғамдық көліктегі жолаушылар саны артып келеді.

Мәселен, автобустар бағдарға шыққан 12 мамыр күні қоғамдық көліктермен 146 907 жолаушы қатынаса, 15 мамырда адамдар саны 237 969-ға жетті. Қоғамдық көлік 15 мамырдан бастап таңғы сағат 6-дан кешкі 22:00-ге дейін жүреді.

Тағы оқи отырыңыз: Елорда тұрғындары маска тағып жүрмесе, автобустар қайта тоқтауы мүмкін (ВИДЕО)

«Санитарлық нормалар бұзылған жағдайда қоғамдық көліктің қозғалысы тоқтап, қала карантиннің қатаң шараларына қайта оралуы мүмкін», - деп ескертті CTS компаниясы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары