$ 444.22  476.38  4.82

Нұр-Сұлтанда әйелдер «Бақытты отбасы» бағдарламасындағы шектеуге қарсы наразылыққа шықты

Шахановтың айтуынша, 2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасына бюджеттен 49 миллиард теңге бөлінген. Нұр-Сұлтан қаласына 4,1 миллиард теңге тиген. Бұған 414 пәтер алу жоспарланған...

21 мамырда Нұр-Сұлтанда 30-ға жуық көпбалалы, жалғызбасты ана «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға қойылған шектеуді алып тастауды талап етіп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жиналды. Әйелдер тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға арналған бағдарлама аясында биыл небәрі 414 пәтерге сертификат берілетініне наразы, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

«Жолдама санын қысқартып тастады. Былтыр олай емес еді. Биыл жолдаманы пәтер кезегіне 2010 жылға дейін тұрған адамдарға беретін болыпты. Шарт өзгеретінін ешкім ескертпеді. Мен мысалы бір жыл дайындалдым. Құжаттарды әзірлеп, декреттік демалыстан жұмысқа шықтым. Зейнетақы қорына ақша салдым. Енді берілмесе, осы еңбегім зая кетті», - дейді төрт баланың анасы Анар Рақымова.

Наразы топ министр Бейбіт Атамқұлов пен оның орынбасарларының келуін талап етті. Бірақ, олар шықпады.

Аналар бір сағаттай талаптарын айтып, кіреберісте тұрды. Кейін министрлік өкілдері жиналғандарды ішке кіргізді. Мәжіліс залында наразыларды тұрғын үй және құрылыс комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов қабылдап, талап-арызын тыңдады.

Шахановтың айтуынша, 2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасына бюджеттен 49 миллиард теңге бөлінген. Ақша әр өңірге үлестіріліп берілген. Нұр-Сұлтан қаласына 4,1 миллиард теңге тиген. Бұған 414 пәтер алу жоспарланған.

«Пәтерлер кезекке сәйкес беріледі. Былтыр ғана кезекке тұрғандар оншақты жыл пәтер күткен адамның алдына шығып кетсе, дұрыс емес. Сол үшін лимит қойдық. Нұр-Сұлтанда 17,5 мың көп балалы, жалғызбасты және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы пәтер кезегінде тұр. Олардың бәріне жолдама берсек, бірден банкке ағылады. Ал банкте ақша шектеулі», - деді Шаханов.

2019 жылдың ақпан айында Нұр-Сұлтанда уақытша баспана өртеніп, бір үйдің бес қызы қаза тапқан. Осыдан кейін елде көп балалы әйелдердің наразылығы күшейген. Аналар биліктен баспана мәселесін шешіп беруді талап етіп жүр.

Былтыр Үкімет тұрмысы төмен отбасыларға арнап «Бақытты отбасы» бағдарламасын қабылдаған. Оған сәйкес, 18 жылға дейін берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2 пайыз, бастапқы жарна баспана құнының 10 пайызын құраған. Алайда, бірнеше өңірде жаңа бағдарламаның шартына көңілі толмаған аналар оқтын-оқтын наразылыққа шықты. Көп балалы әйелдер кейбір шартты өзгертуді талап еткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары