26.05.2020, 01:45

«Дұрыс шешім қабылдаңыздар!»: Ақтөбеде базар саудагерлері әкімдікке баса-көктеп кіріп барды

фото: azattyq.org
Жалпы, бұл базардан 3 мыңнан астам адам нәпақа тауып отыр. Қазір азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар сататын сауда қатарлары қаңырап бос тұр.

Бүгін Ақтөбедегі Орталық базардың жүздеген саудагерлері қала әкімдігіне баса-көктеп кірді. Олар базарды ашуды талап етті. Наурыз айынан бері жұмыссыз отырған халық, күнкөрістің қиындағанына шағымданды. Оның үстіне миллиондаған ақшаға әкелінген тауардың маусымы мен сақтау мерзімі өтіп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Ашынған саудагерлер 200 адам қол қойған ашық хатты облыс және қала әкімінің атына жолдап отыр. Олардың барлығы Орталық базардың ашылуын талап етеді.

«Қанша ақшаға алған заттарымыздың бәрі сезоны бітіп, қазір «модасы» кетіп жатыр. Қаншама ақшамыз күйіп кетті», - дейді саудагер Балтабай Сарманов.

Ал Мақпал Тұрсынова қаншама халықтың базардың арқасында жүргенін айтып, 42500 теңгені ала алмағандарын да алға тартты. Жалпы, бұл базардан 3 мыңнан астам адам нәпақа тауып отыр. Қазір азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар сататын сауда қатарлары қаңырап бос тұр. Тек кіреберіске маусымдық бау-бақша өнімдерін саудалауға рұқсат берілген. Жиналғандардың барлығы егер базар ашылса, санитарлық талаптарды сақтауға дайын.

«Үкіметтен сұрайтыным, галстук таққан ағалар, дұрыс шешім қабылдаңыздар! Қаншама халыққа обал болды. Вирус бар. Эпидемиологтар жұмыс жасап жатыр. Біздің колхозный базар сіздердің қойған барлық талаптарды орындаймыз. Біздің де жұмысымыз ғой. Екі-үш баламыз бар. Асырауымыз керек», - дейді Диляфуз Мамаджанова.

Халыққа мән-жайды түсіндіруге санитар дәрігерлер келді. Олар аймақтағы ахуалды алға тартып, кеселге шалдыққандардың саны 20 пайыздан асып кеткенін айтты. Сондықтан қазір базарды ашуға болмайтынын түсіндірді.

«Республикалық бас дәрігердің қаулысы бойынша, ауру 7 пайыздан асатын болса, мұндай адам көп шоғырланатын жерлерді ашуға рұқсат берілмейді. Сіздер айтқандай 50-100 адамнан жіберсе, қалай болады деген сияқты сұрақтар әлі қаралады», - деді қалалық Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Аманжол Өтеғалиев.

Бұл жауапқа қанағаттанбаған саудагерлер ашық хаттарын алып, қала әкімдігіне баса-көктеп кіріп барды. Бірақ, шаһар басшысы төбе көрсетпеді. Әкімдіктегілер қараша халықтың талаптарын ескеретін болды. Бірақ, ол үшін облыстағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтануы тиіс деді.

Еске сала кетсек, таяуда осы өңірдің автобөлшек сататын базар саудагерлері де бас көтерген болатын.