Әлеумет 27.05.2020 сағат 16:20

«Неге біз байлығымызды сатып күн көруіміз керек?» – Дәурен Қуат

Ғалымдар – ақыл ой инвесторы. Олар өздерінің білімін инвестициялайды.
«Неге біз байлығымызды сатып күн көруіміз керек?» – Дәурен Қуат
фото: zhgu.edu.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, журналист, жазушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Дәурен Қуат бүгінгі отырыста көтерілген мәселелерге қатысты пікірін жеткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сарапшы Ұлттық кеңестің үшінші жиынында ел ертеңіне тікелей ықпал ететін білім саласына қатысты қандай ойлар айтылғанын таратып айтты.

 «Бізде бүгінгі отырыста білім мәселесі көтерілді. Ең алдымен неге біз мұғалімдерді осы заманың тұлғасына айналдырмаймыз деген мәселе көтерілді. Әнші немесе спортшы емес, мұғалімнің мәртебесі қай қоғамда болмасын биік болуы керек. Балалар осы мамандыққа қызығып, еліктеп өсетін болуы тиіс. Мектепке деген бізге деген құрмет қалыптасуы керек. Біздің қоғамда қалтасында ақшасы бар емес, білімді адам мәртебелі болуы керек. Кеңес мүшесі Рауан Кенжеханұлы 2-3 ауысыммен оқитын мектептер жайлы ұсыныс жасады. Оның айтуынша, көп ауысыммен оқитын мектепте дұрыс білім болмайды. Мұғалім де темірден емес, ол да шаршайды. Сыныптағы 40 бала – 40 мәселе деген сөз. Ал қарап тұрсаңыз, үш ауысымды мектепте оқып жатқан өзіміздің қазақтың балалары. Сонда біз өзіміздің оқушыларымыздың бәсекеге қабілеттілігіне балта шауып жатқанымыз деп түсіну керек. Екіншіден, Қазақстанда білім туралы телеарна ашу туралы ұсыныс жеткізілді. Карантин уақытында бірнеше ай «Балапан» арнасынан мұғалімдер сабақ берді. Бұл бізге арнайы білім туралы телеарна қажеттігін көрсетті. Мектептегі сабақ беру методикасын арна арқылы насихаттау керек. Мұғалімдер арасында тәжірибе, методика, білім беру, түсіндіру, қызықтыру деген сияқты өзара тәжірибе алмасатын ортақ арнасы болуы керек», - деді Дәурен Қуат.

 Сонымен қатар спикер Ұлттық кеңес отырысында шетелдік қазақтардың балаларын Қазақстанда оқыту мәселесін айтылғанын тілге тиек етті.

 «Шетелдегі бауырларымызды, ағайындарымызды әкеліп оқыту мәселесін Асылбек Қожахметов көтерді. Олар 4-5 жыл Қазақстанда тұрғаннан кейін азаматтық алады. Осылайша демографиялық мәселе шешімін табары сөзсіз. Сондай-ақ, шетелдегі қандастарымыздың мәселесі, миграциялық процесс мәселесі оң шешімін табар еді. Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарға қатысты керемет ойлар айтты. Әсіресе, ғылым саласында тер төгіп жүрген адамдардың әлеуметтік тұрмыстық деңгейін көтеру туралы ойлары әрқайсымыздың көңілімізден шықты», - деді ол.

 Оның айтуынша, ғалым ғылыми жұмыстан басқа нәрселерге бас ауыртпауы керек.

 «Ғалымдар – ақыл ой инвесторы. Олар өздерінің білімін инвестициялайды. Ғылыми техникалық прогресс болып жатқан заманда неге біз байлығымызды сатып күн көруіміз керек? Неге біз басқа елдер сияқты білімімізді игілігімізге айналдырмаймыз? Адами капиталды, ақыл-ойды пайдаланбаймыз? Міне, осы өзекті мәселелер бүгін айтылды», - деді Дәурен Қуат. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі осы уақытқа дейін кеңес тарапынан айтылған ұсыныстардың көпшілігінің жүзеге асқанын жеткізді. 

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің айтқан ұсыныс, жобалары жүзеге асып келеді. Соның бірі бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы Мұхтар Тайжанның ұсынысы орындалды. Саяси партиялар мен сайлау туралы заңға өзгеріс енгізу ұсынысы қабылданды. Кеңес мүшесі Ауыт Мұқибектің халықты еңбекпен қамту және көші қон мәселесі бойынша 7 ұсынысы да қабылданды», - деді ол.

 Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. Кезекті отырыс адами капиталды дамытуға, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналған.
 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар