01.06.2020, 02:05

«Мына көрініс жиіркенішті»: заңгер аулада желім иіскеп отырған баланы полицияға ұстатып жіберді (ВИДЕО)

фото: видеодан скриншот
Түн ортасында пакетке құйып алған желімді иіскеп, шалбарының ышқыры түсіп, ішкиімі көрініп қалғанын да білмеген таксикоманның есі кіресілі-шығасылы.

Заңгер Камиша Есмұхамбетқызы facebook парақшасына өз үйлерінің ауласында желім иіскеп отырған ұл баланың видеосын жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеодан түн ортасында пакетке құйып алған желімді иіскеп, шалбарының ышқыры түсіп, ішкиімі көрініп қалғанын да білмеген таксикоманның есі кіресілі-шығасылы күйде отырғанын көруге болады. Оны дереу шағым бойынша келген учаскелік полиция инспекторы ұстап әкетті.

«Жастар, қайда кетіп барасыңдар?! Амалсыз полицияның көмегіне жүгінуге тура келді. Ауламда кішкентай жүгіріп жүрген жасөспірім қыз балалар көп. Мына көрініс жиіркенішті. Біздің учаскелік полициямыз Талғатқа алғысым шексіз. Бірден мәлімет оған кеп жетсе керек, ұзақ уақыт өтпей, өз қызметіне сай әрекет етіп, мына жігітті алып кетті. Районда мұндай бала жоқ болатын, шамасы басқа жақтан келсе керек. Қазақтың баласы кілей искейтіндей не күн туды ә?» деп жазды Камиша Есмұхамбетқызы.

Оған Райхан Имаханбет атты желі қолданушы: «Мұндайлар Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қоршаусыз қалған ауласында да толып жүр. Бүгін күнделікті әдетіммен ауланы бір қарап шыққанмын. Көрініс мынау. Бұдан да сорақы жағдай орын алады. Бірақ, естір құлақ болмай тұр» деген пікір қалдырды.

Оның айтуынша, аталған нысанды 2007 жылы Иманғали Тасмағамбетов қоршатып, қос қақпасын салдырып берген екен. Ал 2017 жылы Бауыржан Байбек оны «Қоршаусыз қала» жобасы бойынша алдыртып тастапты. Енді Алматының қазіргі әкімі Бақытжан Сағынтаевқа жазылған өтініш хаттарға тек «сырғытпа жауаптар» беріліп жатқан көрінеді.