$ 494.87  520.65  4.91

Елорда іргесіндегі «Жібек жолы» ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

Амалы таусылған жұрт шалшық суды қолдануға мәжбүр. Ауыл ақсақалдары әкімдіктің табалдырығын тоздырдық деп отыр. Алайда, «Баяғы жартас – сол жартас».
фото: 24.kz
фото: 24.kz

Елорданың іргесінде «Жібек жолы» ауылы ауыз суға жарымай отыр. Су тапшылығынан тіршілік нәрі күніне жарты сағатқа ғана беріледі. Оның өзінде тамшылап ағатынын айтқан халық арнамыздан көмек сұрады, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Елді мекен халқы жаз басталасалысымен көретін күніміз осы деседі. Амалы таусылған жұрт шалшық суды қолдануға мәжбүр. Ауыл ақсақалдары әкімдіктің табалдырығын тоздырдық деп отыр. Алайда, «Баяғы жартас – сол жартас».

Бас қаладан небәрі 15 шақырым жердегі «Жібек жолы» ауылының ахуалы осы. Зәулім-зәулім үйлер. Бір қарағанда, адам армандайтын мекен болып көрінгенімен, жұрттың мәселесі шаш етектен.

Тұрғындардың бір бөлігі шалшықтан су алса, енді біреулері аула маңынан ұңғыма қазып алған. Алайда, бұл да мәселені шеше алмады. Өйткені, ондағы су ішуге жарамсыз. Ал тамшылап ағатын суға көңілі толмағандар үйіне арнайы насос орнатып қойыпты. Осының салдарынан, қалың жұрт тамшы судан да қағылып отыр.

«Жаздың күні осылай полив дейді. Әкімнің алдына бернеше рет бардық. Айтатыны, халық саны көптігіне байланысты насос кішкентай, напоры жетпейді деген сылтау», - дейді ауыл тұрғыны Айгерім Өтемісова.

Ашынған халықтың шашбауын көтеріп, түсірілім тобы ауыл әкімдігіне де барған. Іштегі мамандар есігін бекітіп алыпты.

«Судан қысылған жұрттың сауалына жауап іздеп, ауыл әкімімен кездеспек болдық. Өкінішке орай, әкімді жұмыс орнынан таба алмадық. Десе де, жұмысында жоқ әкімнен ұялы байланыс арқылы хабарластық. Аптап ыстықта ұңғымаларда су азайып кетеді деді. Әкім «мәселені шешуге тырысып жатырмыз» деген үйреншікті жауабын бізге де қайталады», - дейді арна тілшісі.

Ал ауыл әкімі Ғабдулғайып Рыспаевтың айтуынша, қазылған 10 шақты скважинаның бес-алтауын бір станцияға қосып, оны күзде бір-ақ ашу жоспарланған. Сондай-ақ, ол құбыр тарту жұмысы шамамен бір жылға созылады деп пайымдап отыр. Алайда, бұл процеске әдеттегідей неше түрлі факторлар әсер етуі де мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары