Журналист Динар Керім facebook парақшасына тұрмыстағы сыныптасының күйеуінен және оның әулетінен көрген қорлығын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Шын мықты болсаңыздар, ауылдарда атасынан қорлық көріп, күйеуінен тепкі алып, қайнысынан таяқ жеп, енесі күн көрсетпей отырған келіншектерді қорғаңдаршы. Шын мықты болсаңдар, ауылдағы нағыз надан ер-азаматтардың көзін ашып, алған, алатын әйелі күң емес, балаларының анасы, өмірлік серігі екенін түсіндіріңдерші.
Қала көшелерінде әдемі киініп, бейбіт шеруге шыққаннан түк шықпайтынын, нағыз сексизмнің, нағыз дискриминацияның ошағы ауыл-ауылда, әулет-әулетте екенін, оның ғасырлар бойы тереңдеп, тамыр жайып алғанын ұғыныңдаршы», - деп ашынуда жазба авторы.
Олай деуіне 24 жасқа енді толатын сыныптасының қиындықта өмір сүріп жатқаны себеп болған. Айтуынша, құрбысы сыныпта да, үйде де жуас, ақкөңіл, пысық адам көрінеді. Осыдан 2-3 жыл бұрын тұрмыс құрып, істеп жүрген жұмысын да тастаған.
«Барды, балалы болды. Қазір екіншісіне аяғы ауыр. Күйеуінің туыстары өлгенше жұмсайды, егінге де, үй тірлігіне де салады. Содан қатты ауырып, тұра алмай қалыпты. Өміріне қауіп төнгенде ғана «емделіп кел» деп төркініне жібереді. Ол уақыт өткен соң, айтқан кезде келмедің деп күйеуі ажыраспақшы.
Әйел денсаулығынан айрылды, тірлікке жарамай қалды, ажыраса салуға болады! Бала-шаға – ойыншық! Тағы «әулетімнен кешірім сұрайсың. Сосын ойланам» дегенді айтыңыз.
Сонда түсінгенім, біздің қоғамда «еркек» боп туғанның өзі статус қой, да? Әйелсің, демек, адам емессің бе? Әйелді жұмсау үшін, еңбегін пайдалану үшін алса, мен қоя салдым...
Бұл – біздің Түркістан облысына да, Шымкент қаласына да қатысы бар проблема. Отбасылық, бірақ, өте үлкен проблема. Қоғамның дамуы үшін қыздардың етегіне жармаспау керек. Саналы, адекват қоғам құруымыз керек», - деп күрсініп отыр әріптесіміз.
Оның сөзінше, жәбір көрген келіншектің күйеуінің екі шешесі бар екен. Өз шешесі әкесінен ажырасып, бала өгей шешенің қолында тәрбиеленіпті.
Жазбаға тағы бір әріптесіміз Ғабит Сапарбеков: «Тұтас қоғамды емдеу керек. Момын күйеуін жүндеп, мойнына мініп алған әйелдер де бар. Бірақ, мына жағдай ауырлау екен. Қара жұмысқа салып, ауырса, денсаулығына мән бермеу деген дұрыс емес», - деп пікір қалдырған.
Ал Ибрахим Сегізбаев атты азамат: «Салыстырмалы түрде түзеліп келе жатқан сияқты. Бұрын мұндай мәселер тек отбасы төңірегінде ғана талқыланатын, «қалыпты жағдай» деп қарастырылатын. Қазір азайып келе жатқан сияқты көрінеді. Өйткені, достарымнан, бізден кішілерден байқасам, әйелін ұратындар жоқ сияқты. Бізде осыған алдыңғы буын әйел адамдар да кінәлі, «біз көрдік, өлмедік, олар да өлмейді» деп ойлайтын сияқты», - дейді.