Онсыз да тар жайылымдық жерді егін саламыз деп жыртып жатыр. Бұл – Қостанай облысындағы Айсары ауылы тұрғындарының жанайқайы. Олардың бірқатары мемлекеттік бағдарламамен несие алып, енді бірі азғантай малымен күн көріп отыр. Егер осылай жалғаса берсе, ауылда тіршілік кешу мүлде қиындайды дейді тұрғындар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айсары ауылының дәл іргесінен басталатын жайылым көлемі – 600 гектар. Бұрынғы иесі кезінде кепілге қойған. Кейін қарызын өтемеген соң, банктің меншігіне өткен. Ал қаржы институтынан оны жуырда сатып алған адам ешкімге ескертпестен, алқапты жырта бастаған.
«Қарыз шықпағанда, олар түгел жыртып тастайтын еді. Өздеріңіз білесіздер, жыртылған жерге енді қурай шығып кетеді. Не жайылымға, не басқа нәрсеге де жарамай қалады», - дейді ауыл тұрғыны Киікбай Ахметбеков.
1300 адам тұратын ауылда 900 сиыр, 750 қой, 200-ден астам жылқы бар. Осынша малдың санына шаққанда, жайылым көлемі 4 мың гектардан кем болмауы тиіс. Алайда, тұрғындарға тиесілі өрістің аумағы 2,5 мың гектарға әзер жетеді. Ауылды жағалай егістік қоршап тұр. Оның жайылымды тарылтқаны аздай, жұрттың денсаулығына да кеселі тиеді.
«Ана жерде қоралардың артына торлар тіреліп тұр. Жазда улайды. Улаған кезде жел бері қарай болса, иісі келеді. Демікпемен ауырғандарға қиын. Құс-тауықтар өліп жатыр», - деп шағымданды тағы бір азамат Қайрат Қайыров.
Ал Гүлжанат Махамбетова атты тұрғынның айтуынша, былтыр сол маңайда улаған шөпті жеп, қозылар қырылған. Сондай-ақ, айсарылықтар жердің жаңа иесі қалада тұратынын жеткізді. Оны алқап басынан кездестіре алмаған. Ен дала жетпегендей, неге елді мекеннің іргесіне дейін жекеге берілгенін тұрғындар түсінбей дал.
«Енді әрі қарай шешімін көреміз. Ақылдасамыз. Оған бере қоятын жеріміз жоқ, үкімет тарапынан. Кезінде бәрін алып қойған. Қазір, мінеки, ауданнан кісілер келіп отыр. Шешімін табамыз деп ойлаймын», - дейді Айсары ауылдық округінің әкімі Бауыржан Нұрғазин.
Жекенің меншігіндегі жерді ауылға қайтару – заңға қайшы. Ол үшін шаруашылыққа осы аумақтан басқа телім берілуі тиіс. Ауданнан келген өкілдер алқаптарға ревизия жүргізіп, іргедегі жайылымды сақтап қалудың жолын қарастырамыз деп отыр.