Әлеумет 09.06.2020 сағат 18:00

«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің көбі арыз жазудан бас тартады» - министр

Министр тәртіп сақшылары мұндай отбасыларды үнемі бақылауда ұстайтынын, алайда қайғылы деректер тіркелетінін ашық жеткізді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің көбі арыз жазудан бас тартады» - министр
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысын ашу неге күрделі екенін түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық зомбылық - өте күрделі мәселенің бірі.

"Себебі, бұл отбасына қатысты. Онда мәселе туындап, оған полиция араласады. Тәртіп бұзушыны полиция әкімшілік және қылмыстық жауапкерлікке тартқалы жатқан уақытта жұбайлары тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі болғанын жиі жоққа шығарады, арыз жазудан бас тартады", - дейді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

"Отбасы сақтап қалғысы келеді"

Ерлан Тұрғымбаев зорлық көрген әйелдер не үшін мұндай қадамға баратынын айтты.

"Олар мұндай әрекетке отбасын сақтап қалу үшін және балалары толық отбасында тәрбиеленуі үшін барады. Заң бұзу фактісінің 50 пайыз жағдайында осындай дерек кездеседі", - дейді ол.

"Бұрынғы күйеуі ұрып соққан"

Министр тәртіп сақшылары мұндай отбасыларды үнемі бақылауда ұстайтынын, алайда қайғылы деректер тіркелетінін ашық жеткізді.

"Алайда кейбір кездері заң бұзушылықтың алдын алу мүмкін болмай жатады. Мысалы, 1 ай бұрын бір әйелдің жоғалғаны туралы полицияға хабар түсті. Оны бұрынғы күйеуі ұрлап кетуі мүмкін деген күдік болды. Біз күйеуін де, әйелін де таптық. Әйел соққыға жығылыпты. Алайда ол арыз беруден бас тартты. Әйел құлап, денесін көгертіп алғанын айтты. Алайда біз оны бұрынғы күйеуі сабағанын білдік. Бірақ, бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр", - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

"Қылмыстық жауапкершілікке тартпауды сұрайды"

Сонымен қатар, ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмысты ашу күрделі екенін айтты.

"2-3 күннен соң, зардап шегуші тарап өз куәгерлігінен бас тартып, күйеуін қылмыстық жауапкершілікке тартпауды сұрайды. Біз кризистік орталықтармен бірге жұмыс жасап жатырмыз. Қоғамдық бірлестіктер өте көп. Олар ішкі істер министрлігімен жұмыс істеуге дайын. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған адамды осы орталыққа жібереміз. Онда психологиялық, кейде материалдық көмек беріледі. Мен қоғамдық ұйымдарды ішкі істер органдарымен бірге жұмыс істеуге шақырамын", - деп түйіндеді сөзін министр.

Айта кетейік, осыған дейін ішкі істер министрі елімізде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық 25 пайызға артқанын хабарлаған болатын.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар