Журналист Жеңіс Құспанның "әйел пәк болмаған соң таяқ жейді" деген жазбасы желіде көпшіліктің наразылығын тудырып еді. Жеңіс Құспан бұл сөзімен не айтқысы келгенін Stan.kz-ке берген сұхбатында айтып берді.
Әріптесінің "Сіздің "әйел пәк болмаған соң таяқ жейді" деген пікіріңіз көп талқыға түсті. Психологтар пәк болу жанжалдың негізгі себебі бола алмайды деп түсіндіруде. Бұған сіз не айтасыз?" деген сұрағына ол: "Иә, менің Facebook-тегі жазбамды көп жұрт қате түсінген сияқты. Себебі, оны көшіргендер бұрмалап, өз пікірлерін қосып, не ойымды контекстен бөліп таратты. Айтылған ойдың мән-мағынасы далада қалады. Ішкі астарына үңілу деген мүлдем жоқ. Пікір айтпас бұрын менің Facebook-тегі парақшама кіріп, айтқан ойымды түгел оқығаны жөн дер едім.
Міне, тіпті, сіз де сұрағыңызда сол тараған "әңгіменің" шет-жағасын қайталап тұрсыз. Кейбір орыстілді топтар мені әйел сабауды жақтаушы қылып жіберіпті. Әлдебіреулердің пайымдауынша, "пәк" қыз алмаған отбасыларына (отбасыларға) іріткі салып жатыр екенмін. Енді біреулері "таяқ жегеннің 50%-ы" деген сөзді 50 пайыз қазақ қыздары тұрмысқа төсек көріп шығады дедің, миллиондаған қарындастарымызға күйе жақтың" деп күстаналап жатыр.
Ал менің негізі мақсатым - керісінше, "еркектер неге әйелдеріне өш?" деп, қазіргі қазақ қоғамында отбасында әйелін сабаудың түпкі себептері неде деген ойды қозғап, соны кеңірек талдау еді.
Айтпағым, төсек көріп тұрмысқа шығатын қыздардың қоғамдағы үлес салмағының айтарлықтай өсіп отырғаны. Айталық, 100 пәк қыз бен 100 "қыз емес" тұрмысқа шықты делік. Бірінші жүздікте әйел көбінесе отбасының құндылығын сақтап, ұйытқы болса, екінші жүздіктің ішінде айырылысатын мен таяқ жейтіндердің үлес салмағы көп болады", - деп жауап берді.
Сонымен қатар, ер адамның әйелге қол көтеруіне мүлде қарсы екендігін жеткізді.
"Ал енді "пәктік" пен гендерлік теңдік мәселесінің байланысына келсек. Әлеуметтік желіде пікірталаста көбі "сол қыздарды бұзатын еркектер, сондықтан басты кінәлі олар" деген уәж айтты.
Бүгінгі әңгіменің өзегі болып отырған, "пәктік" мәселесіне келсек, осы әңгімеге қатысты "Еуразия" арнасына сұқбат берген психолог, "пәктік" қазіргі қазақ отбасында негізгі құндылыққа, тіпті, "отбасы құндылығына" жатпайды депті. Ал сол сюжетке қатысқан гинеколог-дәрігер гименопластика жасатуға алдына айына 10-12 қыз бала келетінін айтыпты. Қарама-қайшы пікірлер дер едім.
Тағы оқи отырыңыз:
«50 пайызы пәк емес»: журналист әйелдердің не себепті күйеуінен көп таяқ жейтінін айтты
«Бұл фактор аса маңызды емес»: психолог «әйелдің таяқ жеуі – пәк болмауынан» деген уәжге келіспейді
Ал ел бойынша мұндай операция жасайтын жүздеген дәрігер барын ескерсек ше? Сонда "пәктік" отбасы құндылығынан қалса, неге қыздар гименопластика жасатады?" деген сұрақ жауапсыз қалды", - деген журналистің ойынша, тұрмысқа арын сақтап шыққан қыздың сүйген жарының да, ағайындарының да алдында абыройы жоғары болады екен.