$ 444.22  476.38  4.82

«Кет, шық!»: тұрғындар «індет анықталған» туысын қайта тексере келген дәрігерлерді қуып жіберді (ВИДЕО)

«Алдыңғы тапсырғандарымыз қайда? Алтынкүлдікі таза болып шыққан... Енді ісім сендермен болады! Ұқтың ба?».
фото: видеодан скриншот
фото: видеодан скриншот

Нинагүл Жұманиязова есімді желі қолданушы facebook парақшасына Шығыс Қазақстан облысының бір елді мекенінде болған жайттың видеосын жіберді. Онда инфекционист дәрігерлердің пандемиядан қорғайтын арнайы киіммен келіп, ПТР-тестілеу «оң нәтиже» көрсеткен тұрғынды қайта тексерістен өткізу үшін келгені көрініп тұр. Ал үй иелері олардың шығарған нәтижесі қате екенін айтып, азарда-безер, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ауласына тестілеудің керек-жарағын көтере келген дәрігерлерді туыстарының маңына да жуытқысы келмей тұрған ер мен әйел дауыс көтеріп, қолдарындағы қағазбен үйінде ешкімнің науқастанбағанын дәлелдеуге тырысуда.

«Алдыңғы тапсырғандарымыз қайда? Алтынкүлдікі таза болып шыққан... Енді ісім сендермен болады! Ұқтың ба? Міне, сендердің шығарып бергендерің. «COVID-19 бар, Алтынкүл Қуанбай» деп шығып тұр.

Сосын Өскеменге барып, 15 мың теңге төлеп, платныйға тапсырдық біз. Міне, «нәтижелері анықталмады». Мынаны апарып, сотқа заявление жазып келдім. Анау ең бірінші істеген Әлия жауапқа тартылады. Одан кейін мына келіп тұрған сіздер жауапқа тартыласыздар. «Ауырды» деген Алтынкүл таза шығып келді қаладан», - дейді жарыса сөйлеген екеу.

Осы орайда, ашуға булыққан адуынды әйел қолындағы ақылы тексерістің нәтижесі көрсетілген қағаз бен сотқа берген шағымын сілкілеп, онсыз да «аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған» екі дәрігерді бастырмалата жөнелді.

«Әлия Жиенбекова соттың төрінде кезігеді. Больницаға барған кезде Әлия күштеп Алтынкүлді, «Ойбай, температураң – 36! Сен коронавируссың. Менің екі балам, күйеуім бар. Ауру шешем бар. Жұқтыратын болдың. Сен коронавируссың, болды» деп ана жерге обработка жасатқан дейді. Айқайлаған. Анау (Алтынкүл) үйге келді, «мен коронавируспын, өлем» деп. Үш күн аңдыдық...», - дейді ол.

Ал қасындағы ер адам болса, бүркеніп алған «күтпеген қонақтарға»: «Сендер неге бұлай киініп келесіңдер? Біз шақырдық па, ауырдық деп?.. Барыңдар!.. Кет, шық!» - деп сұқ саусағын шошайта есік жақты нұсқап әлек.

Айқайдан аузы бір тынбаған әйел: «Ешқандай ауру жоқ, анықталды деген. Повторно қайталау деген ол қайдан шыққан нәрсе? Адамның құқығын таптау мынау! Абайлаңдар, мынау врачтар арам өлтіреді!» - деп жүріп, ақыры «Біз приказды орындауымыз керек»деп міңгірлегеннен басқа ештеңе айта алмай тұрған дәрігерлерді кетіп тынуға мәжбүр етті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары