«Науқастарға қанша төлейсіздер? Мен де ауырайын». Ақтөбеде COVID-19 қауырт желісіне осылай деп хабарласатындар бар екен. Енді ғана іске қосылған орталыққа тәулік бойы түрлі сауалдар түседі. Телефон тұтқасында отырған операторларға, тіпті, пандемияға қатысы жоқ сұрақтарға да жауап беруге тура келеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
«Күніне 600-ден мыңға дейін, кейде одан да көбірек қоңырау шалады. Адамдардың қойған сұрағын біз аяғына дейін жеткізуге тырысамыз. Сол бойы жауап бере алмасақ, артынан құзырлы мекемелерге шығып, кері байланыс жасап, жауап беруге тырысамыз», - дейді облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасының бөлім басшысы Советхан Байманов.
Операторлар соңғы 3 тәулікте дәрі-дәрмек туралы сұрайтындар саны күрт артқанын айтты. Керек препаратты таба алмай жүргендер хабарласса, Колл-орталықтағылар қай дәріханада бар екенін анықтаған жағдайда, сол мекеменің байланыс телефондарын береді.
Колл-орталыққа хабарласқандар көбіне пандемияға «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» сұрақтар қояды екен. Мәселен, «моншаға барғымыз келді, жұмыс істеп тұр ма екеннен» бастап, бітеліп қалған кәріз құбыры, жолдың жайын айтып шағымданатындар да бар көрінеді. Ал індет басталған кезде, коронавирустың барына сенбей, «жасап жатқан тірліктерің өтірік» деп айтқандар да болған.
«Ауырып жатқандарға ақша беріп жатыр екен дейді. Сондай сұрақтар болды. Қаншадан беріп жатсыңдар деп сұрақ қояды. Ол кезде сенбеді. Қазір сеніп жатқан шығар. Үлкен әжелер звондайды сосын. «Маған домофон керек. Кілті керек. Істеп беріңдер, сендер цифралсыңдар ғой» дейді», - деді қауырт желі операторы Шоқан Марат.
Әкім-қаралар колл-орталық арқылы халықпен кері байланыс орнаттық, жағдай бақылауда дегенімен, дәрі-дәрмек тапшылығы әлі өзекті. Қай дәріханаға барсаңыз да, ұзын-сонар кезек. Іздегенін тапқандар некен-саяқ. Сол баяғы қызу түсіретін, антибиотик, тұмауға қарсы препараттар қат.