Ақтөбе облысында 1200-ден астам сәбиге осы күнге дейін бірде-бір екпе егілмеген. Медициналық препараттан бас тартушылардың көпшілігі дінге кірген тұрғындар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе өңірі бойынша 2132 баланың ата-анасы түрлі себептермен сәбилеріне епке егуден бас тартып отырған көрінеді.
"Өңіріміздің денсаулық саласындағы үлкен проблемалардың бірі – ата-аналардың екпеден бас тартуы. Қазіргі таңда мұндай отбасылардың саны 2 мыңнан асып отыр. Ал, 1247 сәби туылғалы бері мүлдем егілмеген. Бас тартушылардың көбі Ақтөбе қаласында, олардың саны – 1171. Сондай-ақ, Темір мен Мұғалжар аудандарында да мұндай ата-аналар аз емес" дейді Әсет Қалиев.
Ал, егілмеген балалардың мектепке немесе балабақшаға баруына тыйым салу заңға қайшы. Сондықтан, сала мамандары тек түсіндіру жұмыстарын жүргізумен ғана шектеліп келеді.
Серғали БАЛАЖАН