Елордада былтыр пайдалануға берілген су жаңа үй арада жыл өтпестен қабырғасы құлап, су басып, тұруға жарамсыз болып барады. Ал жергілікті әкімдік оны былтыр тамызда көпбалалы, жағдайы нашар, мүмкіндігі шектеулі және зейнеткерлерге – қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына жаңа баспана ретінде мақтанышпен тапсырған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Аз уақыт ішінде сұрқы қашып бара жатқан баспананы дені дұрыс жөндеп-жасқайтын бір жан табылмапты. Осылай тұра берсе, бір күні қирандының астында қаламыз деген тұрғындар КТК телеарнасына шағымданған.
Сыртынан бір қарағанда, қарапайым үйден мін таппайсың. Ұзынынан шұбатылып салынған он кіреберісі бар алты қабатты үлкен үйдің бар кемтігі жанына барып үңіліп қарағанда қаптап шығады. Қабырғаның сырты қирап түсіп жатыр. Арасы ыржиып кеткен кірпіштер бір күні құлап қалса, бүкіл үйдің нық тұруы да неғайбыл.
«Бастысы, кірдіңдер ме, соған да тәуба етіңдер де, отырыңдар» дейді бізге. Ал біз қандай үйде тұрып жатырмыз? Жөндеуді өз ақшамызға істеп жатырмыз. Балконға әйнек салынбаған, өз ақшамызға салып жатырмыз. Үйдің сырты ажыраған, кірпіштері, қаптамалары. Қазір көрсетейік. Бүкіл жан-жақтың бәрін қараңыз. Бала-шаға ойнап жатыр. Соның бәрі балалардың үстіне құласа, майып болады ғой», - дейді үй тұрғыны Әлия Абылаева.
Әр жерден шұрық тесік тұстары «мен мұндалап», қисық қабырғалар көзге ұрып тұр. Үйге кірсеңіз, қолқаны қабатын қолаңса иіс танауға лап қояды. Себебі, үйдің асты толған шіріген су. «Қайдан келді» деп қайран қалатын түгі жоқ. Кәріз құбыры мен қыстан қалған қар суы осылай қарай құйылады екен.
Бүкіл үйдің асты – тобықтан аса сасық су. Көгерсіп жатқан жаман судың иісі сонау алтыншы қабатқа дейін алып кеткен. Осы үйдің кооперативі де немесе осы құрылысқа бір жыл бойы кепілдік берген жауапты мекеме де оны тазартумен ісі жоқ.
Пәтер ішінің де оңып тұрғаны шамалы. Салған жерден іргеден сызат түсіпті. Сыртымен бірге ішінің де әрі кеткен үй әрі-беріден соң, көпке шыдарына күдікті үдетіп барады. Бұл үйдің өзін әу бастан 4 мердігер бірінен соң бірі ауысып жүріп әрең бітірген екен. Адам тұруға жарамай қалса, 300-дей отбасы қайда барарын білмейді. Әкімдік те одан хабардар.
«Үйді қабылдап алар кезде тұрғындардың өтінішімен құрылыста жіберілген кемшіліктер бойынша акті жасалды. Ол кемшіліктер актісі бойынша қазір сметалық құжат жасалып жатыр. Ол жасалып біткеннен кейін жөндеу жұмыстарына деп бюджетке өтініш беріледі. Ол мәслихаттың жақын арадағы сессиясында қаралады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы құрылыс басқармасы бөлімінің басшысы Жан Мырзағали.
Жақын арада дегені – шамамен қыркүйек айында қаралады деген сөз. Оның өзінде үй толық емес, тек мемлекетке тиесілі бөлігі ғана жөнделеді. Ал әкімдіктегілердің айтуынша, үйдің сасық су басқан астыңғы бөлігі мен алтыншы қабаты сол үйден қоныс тепкен үлескерлерге тиесілі. Жиналған жаман суды да солар пәтер иелерімен бірігіп тазарту керек. Егер тазартса...