$ 449.3  489.69  4.89

Оралда сырға салу рәсімі «құда да тыныш, құдағи да тыныш» ұғымында өтті

«Біз өте ризамыз. Бастысы, балалар барып қосылып, оқуын жалғастырсын», - дейді қалыңдықтың анасы Нұргүл Қазимова.

Пандемия талай жанның жоспарына өзгеріс енгізді. Алайда, шынайы махаббатқа кедергі бар ма? Оралдық тұрғын шаңырағында ерекше сырға салу рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алпыстың асқарына шыққан Жарылғап Дүйсенов қос ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені Темірлан Қапшағайда әскери дәрігер болса, кішісі Жұмабек – Алматыда, ақпараттық технология маманы. Екеуі де үйлі-баранды. Кенжесі Қорлан да өткен жылы теңін тапқанын айтқан. Құдалар бас қалада кездесіп, 2020 жылы той жасамаққа уағдаласқан. Алайда, үйдегі ойды түздегі нарық бұзатыны рас екен.

«16 шілде күні сырға салу рәсімі болатын еді. 17-сі қыз ұзату тойы болу керек-тін. Енді оның бәрін тоқтатуға тура келді. Жалпы, елімізде, дүниежүзінде болып жатқан жағдайларға байланысты. Біз бірінші маусымның 13-і деп белгілегенбіз. Сосын оны 17 шілдеге жылжыттық. Сосын тағы доғаруға тура келді», - дейді Жарылғап Дүйсенов.

Әрине, әлдекімдер құсап аулаға киіз үй тігіп немесе тығылып той жасауға болар еді. Бірақ, Дүйсеновтер отбасы ондайға бармады. Індет өршіп тұрған кезде болашақ құдалары мен тума-туыстың денсаулығын қатерге тіккісі келмепті. Сондықтан сырға салу, құда түсу рәсімін онлайн өткізуді ұйғарыпты. Ағайынға Zoom бағдарламасы арқылы шақырту берілген. Көкшетаулық құдалар сырға мен сый-кәдені курьер арқылы жіберіпті.

«Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, ауылдан тума-туысқандар қосылды, таныстық. Асаба бәрін модератор болып өткізді. Біз өте ризамыз. Бастысы, балалар барып қосылып, оқуын жалғастырсын. Ал бергі жағында құдалармен араласып тұрамыз деп келістік. Қонақтарды шақыруға қорықтық, мынадай індет болғасын. Мақсат сол ғой, ауырмасын деп. Тіпті, көршілер де болған жоқ», - дейді қалыңдықтың анасы Нұргүл Қазимова.

26 жастағы Қорлан «Назарбаев университетінің» химия факультетін бітірген. Кейін Америкаға оқуға түскен. Алайда, пандемияға байланысты магистрлік дәрежемен шектелуге тура келіпті. Енді Оңтүстік Кореяға докторантураға тапсырыпты. Болашақ жары да осы елде оқып жатыр екен. Мәди Арсақаймен ол университет қабырғасында танысыпты.

«Әрине, осындай жағдайға түсінушілікпен қарадық. Сондықтан тойды өткізбеуді шештік. Бірақ, мен тойды өткізбегенге ешқандай ренжіген жоқпын. Себебі, үйлену тойы болмаса да Мәдимен, әрине, неке қиямыз. Мен Оңтүстік Кореяға барғасын 14 күн карантинде жатамын. Осы елшілікке барып, өтініш жазу керек. 30 күннен кейін барып некемізді қиямыз, Қазақстанның елшілігінде», - дейді Қорлан Дүйсенова.

14 шілдеден бері батысқазақстандық үш тұрғын карантин режимін бұзып, той жасағаны үшін жауапқа тартылыпты. Оның біреуі Жәнібек, екеуі Теректі ауданында тіркелген. Міне, осындай қиын кезеңде қалыптасқан жағдайды ескере отырып, өз қуаныштарын онлайн өткізген Дүйсеновтер отбасының әрекеті өзгеге өнеге болса ләзім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары