Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы миллиондаған адамның өмірін қиып жатқан қауіпті індетке байланысты тағы бір үндеу жариялады. Бұл жолы да қоғам белсендісі жұрттан той-томалақты уақытша доғарып, жаназаға бармауды сұраған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жаназа көбейді. Күн сайын қаралы хабарды естіп, жүрегіміз ауырып, көңіліміз құлазып, қабырғамыз қайысуда. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін ауыл-ауылда, тіпті қалада құдалық сияқты той-томалақ үзілмей, жалғасып жатыр. Соны доғарыңыздар. Болмайды... Сіздер той жасап, сауап аламыз деген істеріңіз күнәға айналып кетіп жатыр. Себебі сол қуанышқа келген кісілердің арасынан осынау дертке шалдығып, қаншама адам мына дүниемен қоштасып жатыр. Сондықтан той-томалақты, құдалық секілді рәсімдерді доғарыңыздар! Қазір жаназа көп, құрметті ағайындар, ет жақыны болмасаңыздар, жаназа рәсімдеріне де бармаңыздар», - деген ол бейне үндеуінде.
Сондай-ақ, ол жалпы жаназаға қатысу мұсылман баласына сауапты іс болғанымен, дәл қазіргі жағдайда үйден шықпай-ақ құран бағыштап, дұға етуге болатынын айтады.
«Індет жағдайында үйде отырып-ақ, өліге құран бағыштап, дұға жасап отыру - сол сауапты іс. Құрметті жаназа иелері, ағайын-туысқа: «біз сіздерді түсінеміз, жаназаға келмей-ақ қойыңыздар, мына індет біткеннен кейін өлімге қатысты барлық рәсімді жасаймыз, сол кезде келіңіздер» - деп айтыңыздар. Аз ғана қазақ қырылып қалмасын десек, той-думанды тоқтатыңыздар, жаназаға бармаңыздар», - деп ойын білдірген.