$ 494.87  520.65  4.91

Дәрі-дәрмек саудасына қатысты 400-ге жуық заңбұзушылық анықталған

11 күннің ішінде дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сату саласында 396 құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, шетелдік гуманитарлық көмектің мақсатты және ашық жұмсалуына тексеру жүргізуді бастаған.
фото: today.ua
фото: today.ua

Президент Тоқаевтың сынынан кейін елімізде фармацевтикалық ұйымдардың жұмысын тексеру басталды. Бағаның қымбаттауынан бөлек, қазіргі уақытта дәрі-дәрмектерді заңсыз сату, яғни тіркеусіз, лицензиясыз және басқа да рұқсат құжаттарынсыз, соның ішінде дәріханалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сату деректері анықталуда. Бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында құзырлы органдар тексеру жұмыстарының нәтижесін жариялады. 

5 шілдеден 16 шілдеге дейін 11 күн ішінде Қаржы министрлігінің Экономикалық тексеру қызметі, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі дәрі-дәрмектер сату және медициналық бұйымдар саласы бойынша 396 құқық бұзушылық фактілерін анықтаған. Оның ішінде 76 іс Қылмыстық кодекстің баптары бойынша қаралады. Атап айтқанда жеке тұлғалардың алып-сату деректері, дәріханалар желісінің қызметкерлерімен келісе отырып жасалған бірқатар әрекеттер.

Алынған дәрі-дәрмектердің бәрі Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне науқастарды емдеуге пайдалану үшін беріледі.

Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының лауазымды тұлғаларының бюджет қаржысын жымқыру, жекелеген тұлғалардың ірі көлемде медициналық бетперделерді сату, сондай-ақ, медицина мекемелерінің жекелеген басшыларының аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыруға тырысу деректері бойынша үш қылмыстық істі тексеріп жатыр.

Қаржы министрлігінің Экономикалық тексеру қызметі коронавируспен күреске бөлінген аса ірі көлемдегі мемлекеттік қаржыны алаяқтық жолмен жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тексеріп жатқандарын мәлімдеді.

Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты мен Президент Әкімшілігінің ұсынысы бойынша құқық қорғау органдары коронавирус індетімен күреске бағытталған шетелдік гуманитарлық көмектің мақсатты және ашық жұмсалуына тексеру жүргізуді бастаған.

Дәрі-дәрмектерді жасыру жолын кесу, баға келісімі, гуманитарлық көмек ретінде келген немесе емдеу мекемелерінен ұрланған дәрі-дәрмектерді қайта сату сияқты әрекеттердің алдын алу шаралары жалғасуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары