$ 494.87  520.65  4.91

«Көп адамдар жұмыссыз отыр»: өскемендік алыпсатарлар бас көтерді

Қаулының қайта қаралмайтынын кәсіпкерлер де жақсы біледі. Бірақ, қаладағы басқа сауда орындарының ашық тұрғанын алға тартып, қадағалаушы органдарға өз талаптарын қойып отыр.

Ел шығысында карантин ережелері күшейтілгелі Өскемендегі кейбір сауда үйлерінен жалға орын алған кәсіпкерлер тығырыққа тірелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ережеге сәйкес, аумағы 500 шаршы метрден асатын жабық нысандардың бәрі жұмысын уақытша тоқтатты. Алайда, азық-түлік пен жеміс-жидек сататын кәсіп иелері өздері тұратын бөлімді ашуды талап етуде. Бірақ, эпидемиологтар карантин ережесі жалпыға ортақ екенін ескертіп отыр.

«Карантин. Жабық». Қазір Өскемендегі ірі дүкендердің есігінде осындай жазу тұр. Шілденің 2-сінен бері қатаң карантидік ержеге сәйкес барлық ойын-сауық алаңдары мен жабық базаралардың жұмысы тоқтатылды. Кейбір кәсіпкерлердің айтуынша, бұл ереже жалпыға бірдей болмай тұр.

«Мен осы маңдағы ірі сауда үйінің өкілімін. Бізде де азық сататын бөлімді жауып тастады. Рұқсат бермеді. Ал ішіндегі тамақ бұзылып барады. Көп адамдар жұмыссыз отыр. Мен көптеген өнеркәсіптік тауар сататын сауда орындарының жұмыс істеп тұрғанын көріп жүрмін. Ендеше, неге бізге рұқсат бермейді? Сондықтан бас санитарлық дәрігерге қабылданған қаулыны қайта қараса деген өтінішіміз бар», - дейді сауда үйінің өкілі Қайрат Мұхамадиев.

Қаулының қайта қаралмайтынын кәсіпкерлер де жақсы біледі. Бірақ, қаладағы басқа сауда орындарының ашық тұрғанын алға тартып, қадағалаушы органдарға өз талаптарын қойып отыр.

«Мен жұмыс істейтін дүкенге тек маңайдағы тұрғындар, зейнеткерлер ғана келеді. Тұрақты тұтынушыларымыз бар. Санитарлық талаптарды қатаң сақтаймыз. Алайда, бізге жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Біз сияқты талай гастрономдар жұмыстарын жалғастырып жатыр. Неге бізге рұқсат жоқ екенін түсіне алмадық», - дейді азық-түлік дүкенінің сатушысы Елена Руть.

Рұқсаттың жоқ екенін санитарлық мамандар «қаулыда ашық жазылған» деп отыр. Сауда үйі немесе базардың көлемі 500 шаршыдан үлкен болып, жобалау құжатында жабық нысан деп жазылса, карантин ережесіне сәйкес оның жұмысы уақытша тоқтатылады.

«Арыз түсіріп отырған «Жәрдем», «Қайнар», «Весна» базарлары құқық белгілеуші құжат бойынша жабық базар болып табылады. Бас мемлектеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, жабық базарлар әзірге қазметін тоқтатуы тиіс», - дейді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.

Қызметін тоқтатпаған нысан иелері жауапқа тартылып жатыр. Тек Өскеменде мамырдың 18-інен шілденің 21-іне дейін 720 сауда нүктесіне рейд жасалып, карантин ережесін бұзған бір мыңнан аса дерек анықталған. Жалпы, өңірде қазір шаруашылық тауарын сататын дүкендер жұмыс күндері шектеулі уақытпен ғана ашылады. Ал сенбі-жексенбіде толық жабық. Даладағы базарлар да солай. Мұндай шектеу аймақта тамыздың 2-сіне дейін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары