$ 494.87  520.65  4.91

Түркістандағы төбелеске қатысты ресми мәлімет шықты (ВИДЕО)

Бейресми ақпараттарға сүйенсек, жергілікті қазақтар мен өзбектер арасында қақтығыс болған.
Фото: qamshy.kz
Фото: qamshy.kz

Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан «таяқ жеген полицей» туралы видеоға қатысты ресми мәлімет шықты. qamshy.kz сайтының жазуынша, оқиға Түркістан облысының Кентау қаласына қарасты Шорнақ ауылында болған. 

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 21 шілдеде сағат түнгі 01:00 шамасында екі ауыл тұрғыны жанжалдасып қалған.

«Полицейлер жүргізген жедел-тергеу іс-шаралары барысында ауыл көшелерінің бірінде ер адам мен ауылдасының арасында түсінбеушілік туындағаны анықталды. Арада біраз уақыт өткен соң, жәбірленушінің үйіне бірнеше көлік келіп, оның үйі мен көршілерінің ауласына қарай тас лақтырып, төбелес басталған.

Салдарынан, жәбірленушінің 3 туысы және Кентау қалалық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы жарақат алғаны анықталды. Оларға медициналық көмек көрсетілді. Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде, жедел уәкілдер 4 күдіктіні ұстады», - деп хабарлаған облыстық Полиция департаменті.

Бейресми ақпараттарға сүйенсек, жергілікті қазақтар мен өзбектер арасында қақтығыс болған. Белгілі заңгер Камиша Есмұхамбетқызы да өзінің facebook парақшасында тәртіп сақшысының өзбектерден таяқ жегенін жазыпты.

«Полицияны сабайтын өзбектерді табыңдар, дәл полицияға шабуыл жасағаны үшін жауапқа тартылсын! Сұмдық! Негізі Карим Масимовтің елдегі ұлтаралық мәселелерді тиісті деңгейде шешуі қажет, не қызметін босатсын! Барлық бәлені халқымнан, нақты Қазақтардан көруді қойыңдар! Бұл не, үндемесек дұнған, қаламаса ұйғыр, ұнамаса өзбек көтеріле ме? Мен ұлттарды бөліп-жармаймын, бәрін адам ретінде сыйлаймын! О дүниеде ұлтқа бөлінбейміз, бірақ, өздері қазақстандық, ал Қазақтарды сыйламай, жабайылығын көрсетіп тұрса, неге үнсіз отыру керек? Осы орайда, Ассамблея идеологиялық тұрғыда ұлттар арасында жұмыс істеп отырған жоқ. Сонда бюджеттен оларға не үшін ақша бөлінді? Бәріне медаль тарату үшін бе? Вакиль Набиев, жауап бер!» - деп ойын ашық білдірген.  

Бұған дейін ғаламтор бетінде әлдекімдерден таяқ жеп, жарақат алған полицей туралы видео тарап жатқанын жазған болатынбыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары