$ 449.58  486.94  4.86

«Бұл - ұят нәрсе»: Шорнақтың ақсақалдары «барлығын есеңгіреткен» жағдайға байланысты кешірім сұрады

Біз - қазақ, өзбек ағайын халықпыз. Тіліміз, дініміз бір елміз.

Түркістан облысының әкімі Шорнақ ауылында құрылған жедел штаб отырысына қатысты. Өңір басшысы оқиға болған сәтте шұғыл әрекет етіп, ел тыныштығын сақтауда жүйелі жұмыс жасаған штаб жұмысына алғыс айтты. Жиыннан соң ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі келеңсіз жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, аймақ әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 «Шорнақ - мыңжылдық тарихы бар мекен. Кешегі жағдай бүкіл елге тарап, ыңғайсыз болды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл үшін бұл ұят нәрсе. Әрине, әлеуметтік желінің дамыған сәтінде бұл жағдайды бұрмалайтын арандатушылардың болары анық. Тек солардың сөзіне еріп кетпеу керек. Ел арасына дау, іріткі салған адамдарға қатаң жаза қолданылады. Ал, сіздер жастар мен аға буынды сабырға шақырып бірліктеріңізді нығайта түсіңіздер» деген өңір басшысы мұндағы әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерге баса назар аударылатынын жеткізді.

 Облыс әкімінің сөзін құптаған ауыл ақсақалдары: «Шорнақ ауылы осы уақытқа дейін, дау шығарған ауыл емес еді. Кешегі оқиға барлығымызды есеңгіретті. Себебі, әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат көп тарады. Осындай жағдайдың болуына себеп болған жастар үшін барлықтарыңыздан кешірім сұраймыз. Біз - қазақ, өзбек ағайын халықпыз. Тіліміз, дініміз бір елміз», - деді. 

 Сондай-ақ Түркістан облыстық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы сөз алып, ауыл тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа шақырды. Атап өтейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шорнақтағы жағдай бойынша облыс басшылығы және құқық қорғау органдарымен жиын өткізіп, Өмірзақ Шөкеевтің Шорнақтағы бұзақылықты дер кезінде тыйған тыңғылықты жұмысы үшін жоғары баға берді. 20 шілде күні болған оқиғаның жай-жапсары анықталып, ауыл ахуалы үйреншікті қалыпқа түсті.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары