Әмір Мәулен есімді қазақ жігіті тоқал алу мәселесін көтерді. Қоғамда қашанда қызу талқыда жүрген тақырып тағы таласқа түсті. Бұл ретте екі әйелмен тату тұрып жатқан азаматтың қазақ жігіттеріне айтары бар.
Бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтылды.
Әмір Мәуленов жасөспірім шағынан екі әйел алуды армандаған. 22 жасында алғаш рет шаңырақ көтерді. Сол сәттен бастап бәйбішесіне тоқал алатынын ескерткен. 29 жасында екінші әйел алып, балалы-шағалы болды. Бүгінде екі әйелінен 8 баласы бар. Үшінші алған тоқалымен көп ұзамай айырылып кеткен. Үшінші тоқалынан бір ұлы бар.
"Менің бала күнгі мақсатым елге танылу еді. Танылу арқылы насихат жүргізсем дейтінмін. Дұрыс бағытты нұсқасам дейтінмін. Қазақ жігіттеріне тоқал алуға, 4 әйелге дейін алуға кеңес берер едім. Ол дінімізде айтылған. Алла ақымақ емес. Егер шамаң келсе, 4 әйелге дейін алуға болады. Қазақтың санын солай көбейтеміз. Алланың айтқан уәдесі бар. Егер ер азамат екі әйел алса, екі әйелге жететін күш-қуат береді. Егер 4 әйел алса, 4 әйелге жететін күш-қуат береді. Соны ескеру керек", - деді ол.
Әмір Мәулен бәйбішесі мен өз анасының қарсылығына қарамастан тоқал алған. Анасымен сол үшін бір жылдай араласпай қалған екен. Кейіннен бәйбішесі де, анасы да дегеніне көнген. Бүгінде екі әйелімен екі бөлек тұрады.
"Анам "екі әйел деген екі ру, екі әйелден тараған ұрпақ жау" болады деп ұрысты. Қатты сөздер айтты. Бірақ мен айтқанымнан қайтпадым. Себебі жаным солай қалады. Егер 30 жасқа дейін тоқал алмасам, одан кейін мүлде алмаймын деп өзіме серт бергенмін. Өзімнің 4 қызым бар. 4 қызымды тоқалдыққа сұраса берер едім. Себебі өзім солай жасап тұрмын", - деді Әмір Мәулен.
Бастапқыда қара жұмысшы болған жігіт бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырған азамат. Тіпті достарының арасында тоқал алатындар болса, 2 бөлмелі баспана сыйлауға уәде береді.
"Қасымды жігіттер, інішектер, қайныларым мен інілерім, достарым жүреді. Әйелдері хабарласып, сұрақтың астына алып жатады. Анандай ала кел, мынандай ала кел деп тапсырып жатады. Ер адам сыртта жүр ме, мүлде ондай өтініш айтпау керек. Оның соңы ертең есеп беруге айналады. Ер азаматсың ба, әйеліңе есеп беруге міндетті емессің. Мен екі әйел алғалы бері біраз достарым менімен араласпай қалды. Әйелдері түрткі болды. Достарыма тоқал алсаң, үй сылаймын деп уәде бердім. Әйелдері қарсы болған соң ешкім әлі тоқал алған жоқ", - деді кейіпкер.
Әмір Мәуленнің президент болсамдеген арманы бар. Егер елге мен басшы болсам, 4 әйел алуға дейін заңдастырар едім дейді.
"Мен Назарбаевты жақсы көремін. Кезінде ол кісі туралы кино түсірмек едім. Бірақ жарты жолда қалып қалды. Көп адам Назарбаевты жек көреді. Қарғап жатады. Жамандап жатады. Егер сонша адамнан жаман сөз естісе, неге құлап қалмайды. Яғни, Алланың қалауымен солай", - деді Әмір.
Әмір Мәулен алдағы уақытта үшінші әйел аламын деп бекініп отыр. Өзге жігіттерге де кеңес береді. Қалай асыраймын деп емес, қазақтың санын қалай көбейтемін деп ойлау керек дегенді айтады.
"Менің атамның бәйбішесі мен тоқалы болған. Біз бәйбішеден тарағанбыз. Тоқалдан тараған бауырларыммен араласамыз. Ешкімді бөліп-жармаймыз. Көп ағайындымыз. Бір-бірімзге демеуміз", - деді ол.