$ 480.55  533.75  5.36

Алматылықтар жыл сайын $3 миллиардқа тамақтанады

Алматылықтардың жыл сайынғы жейтін тамағына 3 миллиард доллар жұмсалады екен. Бұл туралы бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек ауылшаруашылық өнімдерін тікелей өндіруге арналған аймақаралық жиынның ашылуында айтты.

Мелекеттің бюджетіне салық ретінде түсетін қаражаттың 31 пайызы Алматының еншісінде. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, шаһардағы 203 кәсіпорын 177,5 миллиард теңге болатын азық-түлік өнімін өндірген.

"Іргесіндегі елдімекен тұрғындарын қоса есептегенде халық саны 3 миллионнан асатын мегаполисті тұрақты дамыту үшін нарықты сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету керек" деп атап өтті қала әкімі жиынның ашылу салтанатында. Оның айтуынша, алматылықтардың жыл сайын жейтін тағамдарына 3 миллиард доллардай қаражат жұмсалса, бұл қаржының үштен бірі импорттық тауарларды сатып алуға кетеді екен.

"Алматы - нарықтағы ең ірі тұтынушы қала болып есептеледі. Қала өзін-өзі 35 пайызға азық-түлікпен қамтамасыз етсе, 28 пайызы өзге өңірлерден тасымалданады. Сонымен қатар, өнімнің қалған 37 пайызын импорт құрап отыр. Бұл дегеніңіз, отандық компанияларға үлкен мүмкіндік туып отыр дегенді білдіреді. Қазір экономиканың кейбір салалары дамуын тоқтатты. Ал, ауылшаруашылық саласында отандық өндіруші үшін сұраныс көп" дейді Б.Байбек.

Оның айтуынша, отандық азық-түлік өндірушілердің көбі әлі де болса мегаполистің нарығына кіре алмай келеді екен. Жергілікті билік бұл проблеманы дереу шешуге уәде беріп отыр. "Тек бәсекелестік болған жерде ғана тауардың сапасы артып, бағасы қолжетімді болады" деді әкім өз сөзінде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары