$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбелік шаруалар базарды облыс әкімі бауырының иеленіп алғанына наразы

Ал облыстағы 19 коммуналдық базар мен 3 әлеуметтік дүкенді бақылауына алған әкім бауырының шаруаларды маңына жолатқысы жоқ.
фото: spk-aktobe.kz
фото: spk-aktobe.kz

Ақтөбеде облыс әкімінің бауыры мен шаруалар базарға таласып жатыр. Осы аптадан бастап қаладағы барлық коммуналдық базар Оңдасын Оразалиннің ағасының бақылауына өтіпті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Әкімнің туысын бұл қызметке әкімдікке қарасты әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы еш байқаусыз тағайындаған. Ал ет-сүтін базарға өткізе алмай жүрген фермерлер коммуналдық базарды басқаруды өзіне беруді сұрайды. Бірақ, оларды әкімнің бауыры маңына жолатпай отыр.

Жалпы, Ақтөбедегі ең үлкен коммуналдық «Табыс» базарына бастық тұрақтаған емес. Осы уақытқа дейін 9 директор ауысыпты. Енді шенеуніктер мемлекетке тиесілі қаладағы барлық базарды айналдырған 3 адамнан тұратын кеңестің бақылауына бермекші. Оған облыс әкімінің ағасы Болат Оразалин төрағалық ететін болады. Ал бұған шаруалар қарсы. «Отандық өнім өндірушілерге арналған базарлардың осы күнге дейін рахатын көрмедік», - дейді фермерлер.

«Коммуналдық базар – мемлекет меншігіндегі базар. Мемлекет қаржысына тұрғызылды. Біреудің иелік ететін жеке базары емес. Біз – Ақтөбе облысының фермелері базарды басқаруды өз қолымызға алғымыз келеді. Жергілікті өнім өндірушілермен жұмыс істейтін жағдайға жеткізгіміз келеді. Мұндағы сатылып жатқан еттің өзі Беларусь пен Ресейдің арзан, әрі сапасыз», - дейді шаруа қожалығының иесі Руслан Шүйіншалин.

Ал облыстағы 19 коммуналдық базар мен 3 әлеуметтік дүкенді бақылауына алған әкім бауырының шаруаларды маңына жолатқысы жоқ. Өзі төрағалық етуге енді кіріскен кеңеске оларды мүше қылып қабылдағысы келмейтінін ашық айтты.

«Сіз олардың мүшелікке кіргенін қаламайсыз ба?» - деген сұраққа: «Қажеті қанша? Қандай мәні бар?.. Облыстық мәслихат жанынан жұмыс тобын құрдық, солар шешеді. Мынау енді... бәрі менікі емес», - деп жауап берген ол.

Өңір басшысының ағасын кеңеске төраға етіп ешбір байқаусыз жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тағайындаған. Бұл мекеме облыс әкімдігіне қарайды. Бірақ, ондағылар бұл тағайындауға қатысты мәлімдеме жасаудан бас тартып отыр. Ал базарға қатысты тартыстың соңы немен аяқталатыны облыстық мәслихат депутаттарының тексеруінен соң белгілі болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары