Кәсіпкерді қақпанына түсірмек болған екі полицейдің масқарасы шықты. Қаңғыбаспен алдын ала ақылдасып алған тәртіп сақшылары «рұқсат етілмеген уақытта арақ саттың» деп, дүкен сатушысына айыппұл арқалатпақ болыпты. Алайда, айласын асырмақ түгілі, басы бәлеге қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Осындайдың керегі не?! Арамзалық, масқара ғой! Егер менде камера болмаса, айыппұл салып кететін еді. Сотта да оны дәлелдей алмайсың. Бұлар сөйтеді де, хаттама толтырып, маған айыппұл салып кететін еді. Біздің не жазығымыз бар? Бала-шағамызды асырап отырмыз», - деп налыды кәсіпкер.
Таспада көрініп тұрғандай, автотұраққа тоқтаған көліктердің бірінен қолында сөмкесі бар қаңғыбас түседі. Содан ол дүкенге кіріп, арақ сұрайды. Алайда, әлі таңғы уақыт болғандықтан, сатушы оған арақ сатпайды. Біраз тұрған соң, маскүнем далаға шығып кетеді. Осы уақытта қаңғыбас түскен көліктен екі полицей де шығады. Бірі тоқтап, қаңғыбаспен сөйлесіп тұрады. Ал екіншісі айналып барып, бірден дүкенге кіреді. Артынша қалған екеуі кіреді.
Кәсіпкердің айтуынша, бірінші кірген полицей бірден «рұқсат етілмеген уақытта арақ саттың» деп, дүкен иесін қыспаққа ала бастапты. Сөмкесінде жатқан арақты көрсетіп, маскүнем де сақшының сөзін растайды. Алайда, дүкен ішіне де камера орнатқан кәсіпкер өзінің арақ сатпағанын көрсетіп құтылады. Айласы іске аспай қалғанына көзі жеткен екеу маскүнемді ертіп, қайтадан бір көлікке мініп кетеді.
Енді кәсіпкерді қақпанға түсірмек болып масқарасы шыққан қызметкерлерінің кім екенін Ішкі істер министрлігіндегілер анықтап жатыр.