Петропавлда провизорлық орталықтың құрылысы баяу жүріп жатыр. 200 орындық инфекциялық аурухана келесі айдан бастап індетпен күресті бастауы тиіс болған. Алайда, айлықты азсынған құрылысшылар жұмыс істеуге құлықсыз, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Жұмысқа барлығы мың адам қажет екен. Алайда, құрылыс компаниясы тек 300 жұмысшы жинай алған. Оның өзін басқа өңірлерден алдырыпты. Ал жалақысы 180 мыңнан 250 мыңға дейін барады. Оған қоса, үш мезгіл тегін тамағы бар. Петропавлдықтар бұл айлыққа қызыға қоймапты.
200 орындық провизорлық орталықтың құрылысы осы айдың соңында аяқталуы тиіс. Ал қазан айынан бастап онда індетпен күресуге арналған медициналық жабдық жеткізілуі керек. 250 мың айлыққа жұмысшы таппай қиналған құрылыс компаниясы «инфекциялық аурухананы уақтылы тапсыра алмайтын болдық» деп отыр.
«Біз оларға жақсы жағдай жасаймыз, киім, каска, тамағын береміз. Неге келмейді? Оларға айлығымызды айтқанда, жұмыс уақытын сұрайды. Жұмыс таңертеңгі 8-ден кешкі 8-ге дейін. Олар тек 8 сағат жұмыс істегісі келеді, ал бізде – 12 сағат», - дейді шаруашылық жөніндегі әкімші Мирас Рахметов.