$ 446.49  475.38  4.79

Қызылордада карантин кезінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалар көбейген

«Орталық қызметіне жүгінушілердің саны артты. 8 айдың көлемінде 220 адам болатын болса, өткен жылы бұл көрсеткіш жыл көлемінде 218 еді», - дейді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры.
фото: egemen.kz
фото: egemen.kz

Қызылордада карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалардың саны артқан. Қосағынан зәбір көрген 220 әйел дағдарыс орталығына жүгініпті. Мамандарды алаңдатып отырғаны да осы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Раушан есімді келіншектің 2 баласын жетектеп, дағдарыс орталығына келгеніне үш ай болған. Айтуынша, 5 жыл отасқан жары екі күннің бірінде тоқпақтап, күн көрсетпейді. Ащы суға әуес 30 жастағы отағасынан зәбір көрген Раушан енді ажырасуға шешім қабылдапты. Себебі, соңғы уақытта қайынжұртым да күш көрсететін болды деп отыр.

«Балаларға тамақтарын тауып бермейді. Өзіме жұмысқа шық деп айтады. Ақша тауып бер дейді. Ішіп келіп ұрады. Күйеуім ғана емес, енем де, қайныларым да ұрады. Біз бөлек шығып кеттік, сонда да үйге келіп, қырғын шығарады, енем бәрі», - дейді ол.

Орталықта дәл осылай ұясын тастап келген 16 әйел мен 28 бала бар. Мектеп жасындағылары арнайы бөлмеде онлайн сабаққа қатысып жүр. Мұндағы мамандар өздеріне келушілердің былтырғыға қарағанда көбейіп отырғанына алаңдаулы.

«Пандемия кезінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған аналар мен балалардың саны жоғарылады. Орталық қызметіне жүгінушілердің саны артты. 8 айдың көлемінде 220 адам болатын болса, өткен жылы бұл көрсеткіш жыл көлемінде 218 еді. Енді алда төрт ай бар. 4 айдық көлемінде азаматтардың саны өсу қаупі бар», - дейді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағанбетов.

Директордың сөзіне сенсек, төркініне өзге өңірден келген қыз-келіншектер де бар. Олар өз ата-анасына баруға бата алмағандықтан, орталықты паналапты. Ал барар жер, басар тауы қалмағандар орталықта 6 ай тұруға құқылы. Осы уақыт аралығында ерлі-зайыптылармен психологтар жан-жақты жұмыс жүргізеді. Тараптарды татуластыруға тырысады. Соған қарамастан, биыл 4 ана балаларын жалғыз өсіруге бел шешкен.

Осы орайда, орталық директоры аналарға қоғам тарапынан материалдық тұрғыдан қолдау керектігін айтып отыр. Биылғы жылдың 7 айында аймақта әйелдерге қатысты 792 құқық бұзушылық тіркелген. Ал ғаламтордағы дереккөздерге сенсек, ауыр қылмыстардың 40 пайызға жуығы отбасында орын алады екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары