$ 494.87  520.65  4.91

Деструктивті діни ағымдар адамды қалай мәңгүртке айналдырады?

Мәселен, теледидардан күнделікті бір жарнаманы қайталап көретін болсаңыз, біраз уақыттан кейін сіз сол жарнамадағы затты дүкен не супермаркеттен оңай ғана сатып аласыз. Дестуктивті діни ұйымдар да адамға қатысты өздерінің арам пиғылын осылай қайталау әдісімен жүзеге асырады.
фото: фото: informburo.kz
фото: фото: informburo.kz

Пандемияның соңғы жарты жылдағы өмірімізді күрт өзгерткені сонша, ол қазір барлық саланы жаңа өмір сүру салтына, яғни қашықтан өмір сүруге үйрете бастады. Нәтижесінде, онлайн өмірге де бейімделу орын ала бастады.  

Егер дін саласының маманы болсаңыз не осы мамандық бойынша білім алып жүрген студент немесе дінге қатысты сауалдарыңыз бар қарапайым тұрғын болсаңыз, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының инстаграм әлеуметтік желісіндегі «din_almaty» парақшасынан, біраз сауалдарыңызға жауап таба аласыз. 

Жақында аталған парақшада психолог, Алматы қаласы бойынша ақпараттық-түсіндіру тобының эксперті Лола Шакимова деструктивті діни ұйымдардың өзіндік арбау әдісімен қалай ғана адамның болмысын басқарып, оны біртіндеп «зомбиға» айналдыратынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. 

Психологтың айтуынша деструктивті діни ұйымның миссионерлері адаммен сөйлескенде оның психологиялық жай-күйіне қарайды. Себебі, олар қарсы алдындағы адамды мұқият зерттеп алады да, ұтымды психологиялық әдістер қолданады дейді. 

– Ортақ қызығушылығымыз бар, мен де сен сияқты адаммын, менде де сен сияқты хобби, проблемалар бар деп жылы-жылы сөйлейді. Сол арқылы ол алдына келген адаммен психологиялық байланыс орнатып, адамның сеніміне кіреді. Жақсы кеңестер беріп, ұсыныстар айтады, моральдық, психологиялық және материалдық көмек те ұсынады. Оларда адамның кез келген сұрағына дайын жауаптары бар. Сол арқылы біртіндеп құрбан адамды психологиялық тұрғыдан өздеріне бағынышты етіп қояды. Ал құрбан адам болса өзіне көмек қолын созған адамға сенім білдіріп, онымен ашық, еркін сөйлесе бастайды. Келесі жолы құрбан адам өзін жайсыз сезініп, түрлі проблемалар шыққанда өзі психологиялық бағынышты адамын іздейді. Сол арқылы ол өзіндегі бар сұрақтар мен мәселесін шешеді. Себебі, ол адам оны тыныштандырып, оған «ақыл-кеңес» береді. Деструктивті діни ағымдар адамды осылай өздеріне психологиялық тұрғыда бағынышты етеді, – деді Л.Шакимова. 

Осыдан кейін ақырындап идеологияны сіңдіру, деструктивті діни сананы қалыптастыру жұмысы жүргізіледі. Бұл кезде адамға «сен ғана таңдаулысың, сен ғана ерекшесің» деген ой жиі айтылады, тіпті оны сол ойға сендіреді. 

Ғалымдар адамның миы күніне кем дегенде тоғыз рет бір ақпаратты ести берсе не көре берсе, ми соған сенетінін анықтаған. Яғни үздіксіз қайталау бұл жерде өз жемісін береді. Мәселен, теледидардан күнделікті бір жарнаманы қайталап көретін болсаңыз, біраз уақыттан кейін сіз сол жарнамадағы затты дүкен не супермаркеттен оңай ғана сатып аласыз. Дестуктивті діни ұйымдар да адамға қатысты өздерінің арам пиғылын осылай қайталау әдісімен жүзеге асырады.

–    Адамды сен өз өміріңді, қоғамның өмірін түгелдей өзгерте аласың дегенге иландырады. Осыдан кейін адам референтті топқа түседі. Бұл кезде ол адам мүлде жаңа, басқа адам болып өзгереді. Біз оны адепт дейміз. Деструктивті діни ағымдағы референтті топтың адепті. Бұл кезде адамның білім жүйесі, құндылықтары, сыртқы келбеті мен киім киісі, сөз саптауы түгел өзгереді. Оның бұрынғы арманы, хоббиі, өзі қызықтаған нәрсенің бәрі енді бұл адамға мүлде қатысы жоқтай, назарға алынбай, ұмтылады. Ол оқуын не жұмысын тастап кете беруі мүмкін, – дейді сарапшы маман. 

Ал ең бастысы мұндай референтті топтағы адамды олар алдымен отбасынан алыстатады. Неге? Себебі, ол – адамның ең алғашқы әлеуметтік ортасы. Дәл осы отбасында адамның тұлғасы қалыптасып, отбасына, анасына, отанына деген махаббат, азаматтық көзқарас, ұстанымы қалыптасады. Патриотизм сезімі, жауапкершілік, еңбек сүйгіштік деген адамға керек қасиеттер де осы отбасында орнығады. 

–    Сондықтан кез келген деструктивті діни ағымдар адамды алдымен отбасынан алыстатады. Біз сенің жаңа отбасың боламыз, бір-бірімізді бауыр деп атаймыз. Ал сенің бұрынғы отбасың сені түсінбейді дейді. Ең өкініштісі, осы тұста олардың бұл сөзі шындыққа айналады. Себебі, референтті топтағы адам алған «білімдері» мен «жаңа көзқарасын» өз отбасында да көрсеткісі келеді. Бірақ оның отбасы мүшелерінің көзқарасы мен оның «су жаңа» өмір сүру стилі арасында қайшылық басталады. Отбасында түрлі кикілжіңдер болады. Осыдан кейін адепт қоғамдық өмірден алшақтап, референтті топтың басыбайлы адамына айналады. Осы сәттен бастап бұл адамның әрбір басқан қадамы толық бақылауға алынады, – дейді психолог. 

Адамның жүріс-тұрысы, эмоционалдық көңіл-күйі, санасы мен ақпарат қабылдауы, түйсігіне дейін толық бақылауға алынады. Ең қорқыныштысы да осы – адамның интеллектуалдық қабілеті, түйсігінің толықтай бақылауға алынуы. 

–    Адам баласының білім көкжиегі кең, жаңалыққа құмар, жаңа нәрсе үйренсем деген талабы мен тілегі зор болуы керек. Ол әр нәрсені көрсем, білсем деп ұмтылып тұруға тиіс. Егер оның қызығушылығы, білімге ұмтылғыштығы мен жаңа нәрсені танып, көрсем, зерттесем деп тұратын зейінін шектеп, көркем әдебиет оқуға болмайды, теледидар қарауға рұқсат жоқ, музыкалық аспаптарда ойнауға болмайды, саяси шараларға қатыса алмайсың деп шектей берсе, адамның санасы белгілі бір рамканың ішіне кіре бастайды. Осы кезде адамда ұзын дәліз секілді қараңғы да тар көзқарас қалыптаса бастайды. Мұндай адамды басқару өте оңай. Оларда стресске қарсы тұру қабілеті әлсіреп, толеранттылық төмендейді. Сондықтан олар миссионерлер мен деструктивті діни топтардың тұзағы үшін оңай олжаға айналады. Бұл міне нағыз зомбилеу, адамды басқару деп аталады, – деді психолог. 

Сарапшы маман психологиялық тұрғыда басқару деп адамның санасы мен еркінен тыс психологиялық әсер етуді қолдану дейді. Бірақ әлгі адам өзіне қатысты осындай айла, тәсіл қолданылғанын білмейді. Адамның сыртқы келбеті мен ішкі жан-дүниесі толықтай өзгереді. Оларда агрессия, өзгелерді жау көру деген сезімдер пайда болады. 

–    Себебі, деструктивті топтар үнемі адамдарды екіге, екі лагерге бөледі: өзіміздің адамдар және бөтен адамдар. Өзіміздің лагерде олардың деструктивті идеялары мен әрекеттерін қолдайтын адамдар, ал екінші лагердегі бөтен адамдар – өз көзқарасы бар адамдар, – деп психолог маман сөзін аяқтағанда біздің ойымызға Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романындағы мәңгүрттің бейнесі оралды. 

Шығармада тұтқынға түскен адамның басына қатыгездікпен түйенің терісін кигізіп, күннің астына байлап қойып, есінен адастырса, деструктивті топтар психологиялық әдіс арқылы адамның миын «жуып-шаяды». Екі жағдайда да мақсат – біреу, адамды ақылынан адастырып, басыбайлы құл етіп, айтқанды орындату. Екі жағдайда да ұқсастық бар: мәңгүрт өзінің кім екенін, ата-тегін, шыққан жерін, тіпті өзінің атын да білмейтін меңіреу адам. Деструктивті топқа мүше болған адам да өзінің бұған дейінгі сүрген өмірін «ұмытып», әке шеше, отбасы, жұмысы, туған-туыс, бұрынғы құндылықтарынан алыстайды. Тағы бір ұқсастық, мәңгүрт пен деструктивті топтың адепті өзіне жасалған қиянаттан бейхабар. Ең өкінішітісі осы.

«...Дүниeдeгі жаза біткeннің сұмдығы адамды ақыл-eсінeн айыру да. Ақыл-oй – адам өлe-өлгeншe өзімeн біргe бoлатын жалғыз қазына ғoй. Бірeудің қoлында бар байлық басқа бірeудe дe бар бoлар, ал ақыл-oй тeк саған ғана тән, басқалардікінeн бөлeк жалғыз асылың». 
 

Ф: Прямой эфир – Әсел Д 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары