$ 494.87  520.65  4.91

«Тас дәуіріндегідей өмір сүріп жатырмыз»: Алматы облысында ауыл тұрғындары митингіге шықты (ВИДЕО)

Алматы іргесіндегі елді мекеннің тұрғындары су, газ және жолдың жоқтығынан азап шегіп келеді. Олар ауыз суды 10 шақырым жердегі бұлақтан тасиды.

Алматы облысындағы Төңкеріс ауылының тұрғындары он жылдан бері сусыз, газсыз және жолсыз өмір сүріп жатқандарын айтып, шағымданды.

Ауыл тұрғындары стихиялық митингіге шықты, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Жергілікті тұрғындар су алу үшін таңғы бесте тұрып, он шақырым жердегі бұлаққа баруы тиіс. Ол жерден бүкіл ауыл су алатындықтан, ұзын-сонар кезек пайда болады.

Жолдың жоқтығы жағдайды одан сайын қиындатады. Жақында өткен жиында әкімдік қызметкерлері ауыл тұрғындарына ақша жинап, жолды өз күштерімен жөндеуге кеңес беріпті.

Жергілікті тұрғындар су, газ және жол салуды он жылдан бері сұрап келеді. Осы уақыттың бәрінде әкімдікке шағымданып келген.

"Не аурухана, не дәріхана жоқ. Тас дәуіріндегідей өмір сүріп жатырмыз. Әйтпесе ауылымызға мегаполис тиіп тұр. Мына жолдарға қараңызшы. Мына көшедегі адамдар оны өз күшімен жамап-жасқады. Оған шамасы жетпегендер шаңда жүруге мәжбүр. Мұндай жолдармен бізге жедел жәрдем көлігі өліп жатсаң да келмейді", - дейді ауыл тұрғыны Аманғазы Сейілтаев.   
Өркениет игілігінен ауыл тұрғындары тек жарықты пайдаланады. Бірақ тариф тым жоғары, дейді халық. Электр желілері жекеменшікке берілген.

Ауыл әкімдігі бұл проблемалар бұрынғы басшылықтан "мұраға" қалғанын айтады.

"Өткен жылы берілген өтінімдер мақұлданған жоқ. Биыл қыркүйек айында ғана Төңкеріс ауылындағы бес көшеге және Қызыл Ту ауылындағы жеті көшеге өтінім жібердік. Осы екі ауылда жол, жарық және су мәселесі шешілмеген көптеген жаңа құрылыс бар. Егер аудан әкімдігі өтінімді мақұлдаса, келесі жылы жол жөнделеді", - деп түсіндірді Панфилов ауылдық округінің әкімі Асыл Ваисов.  

Ол сонымен қатар су проблемасын шешуге уәде берді. Ол үшін демеуші тауып, су айдауыш мұнараны салатын орынды таңдау керек.

Шенеуніктер тұрғындарға электр энергиясының тарифін төмендету мәселесін шешуге де де көмектесеміз деп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары