Қазақ өзін әлмисақтан мұсылман санаған халық. Аузынан бісмілләсі түспеген ата-әжелеріміздің өмір сүру салтында дін олардың тұрмысынан немесе іс әрекеттерінен бөлініп, өзгешеленген емес. Керісінше олардың тұрмыстық өмірімен қабысып, кірігіп кеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мәселен, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы өмір сүру салтынан көретін біреудің ала жібін аттамау, үлкеннің алдын кесіп өтпеу, досқа адалдық, уәдеге беріктік, көрші ақысы, қонақты төрге шығарып, сыйлап, разы қылып аттандырудың қай қайсын алсақ та мораль, этика, адамгершілік, кісілік келбетті көре аламыз. Яғни, мұның бәрі исламдағы адал өмір сүруге үндейтін адамгершілік қағидалары.
Қазақ халқы адал өмір сүруге ұмтылған, «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейтін халық еді. Өткен тарихты еске алып, ашаршылық пен нәубет жылдарына оралар болсақ, өзі қырылып жатса да, қазақ қолындағы соңғы нанымен бөлісе білген халық. Исламды терең түсініп, діннің жоғары құндылықтарымен өмір сүре білді және оның бәрін дала заңымен ұштастыра алды. Яғни, ұлы далада еркін көшіп қонып жүрген халық ешқашан арам өлген малдың етін жемеген және аманатқа қиянат жасамаған.
Ал енді осылардың бәрінің артында не тұр десеңіз, қазаққа ислам діні бүгін келмегенін түсінесіз.
Егер бүгінгі заманның ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу, өткен тарихқа жүйрік есті азаматы өзін қазақ деген халықтың ұрпағы екенін түсінер болса, оның ата-бабасы ұстанған ислам мен қазақтың діндарлығы бүгінгідей сыртқы киім не оның ораза, намазы, қажылық, зекетпен ғана өлшенбегенін көреді. Тіпті, хакім Абай өлеңдері мен қара сөздерінде ішкі жан дүниенің, рухани әлемнің, ішкі иманның тазалығын қадап айтып, оның маңыздылығына көңіл бөлген. Мәселенің бастысы сыртқы түр, сыртқы рәсімдерде емес, ішкі мазмұнда, «Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, сыртын қанша жуса да, іші оңбаған», – деп ішкі жан тазалығының маңыздылығын айтады.
Біз неге мұның бәрін сөз етіп отырмыз десек, бүгінде ел арасында дінге бет бұрған жастарымыздың кейбірі қазақтың салт-дәстүрлерін жоққа шығарып, араб елдерінің мәдениетін бізге таңу секілді жайттар байқалуда. Соған орай, «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының din_almaty парақшасындағы тікелей эфир кезінде дін мен дәстүрдің терең байланысын түсіндіріп берді.
"Қазақ дәстүрінің исламмен сабақтасуы дегенде ойға оралатыны – ата-бабамыздан ұстанып келе жатқан ислам дінінің қазақтың салты, әдет-ғұрпымен біте қайнасып кеткендігі. Біздің дүниетанымымыз бен діни дүниетанымызда мұсылманшылықтың, исламның іздері көп. Мәселен, бала дүниеге келгенде азан шақырып ат қоюы қазақы мәдениетіміз бен салтымызда бар дәстүр. Өлім-жітімдегі көңіл айту, садақа беру болсын исламмен сабақтасады. Тіпті, жетісі, қырқы, жүзі дегендерді кейбіреуі мансұқтауы мүмкін. Бірақ оның түп төркіні – садақа. Яғни дүниеден өткен адамның артынан садақа беру. Басқа жерлерде оны Құдайы ас деп жатады. Құдай үшін, Алла үшін жасалған садақа. Мұның барлығы исламмен бірге келген салттар. Бата беретін бізде жақсы дәстүріміз бар. Ол дегеніміз жақсылық тілеу, дұға жасау деген сөз. Ислам діні адам өмірін реттейтін жүйе. Бірақ әрбір ұлттың, халықтың өзіне тән салты, ұстанымы болады. Оның барлығы ислам мен Құраннан бастау алу шарт емес. Құран мен сүннетке, ислам дініне қайшы келмейтін болса, дін оны құптайды", – деді Қайрат мырза.
Мәселен, тарихқа қарайтын болсақ, пайғамбарымыз заманында арабтарға дін келгенге дейін арабтардың өзіне тән қалыптасқан салт-дәстүрі болды. Бірақ дін келген кезде оның бәрін мансұқтаған жоқ, яғни жойып жібермеді. Оны белгілі бір деңгейде қалдырып, мазмұны мен мақсатын ғана өзгертті. Мәселен, айт намазы, айт күні исламға дейін еврей халқының ұстанымында болды. Оны жергілікті халықтың салт-санасынан жойып жіберген жоқ. Яғни шариғатқа, ислам дінінің негіздеріне сай оның мазмұны, мәні өзгертілді де, негізгі рәсімі қалды. Сондықтан хақ дін адамның өмірін реттеу үшін келеді. Проректордың айтуынша ислам діні барлық адамзатқа келген ортақ дін болғандықтан, ол әр халықтың өзіне тән салт-санасы, дәстүр, ұстанымымен санасуы керек және санасады да. Өйткені, Құранның өзінде біз адамзатты ру, тайпа, ұлт қылып жараттық дейді. Демек, әр ұлттың өзіне тән құндылық, ұстаным, ерекшеліктерімен жаратылғаны даусыз. Ал оған қайшы келу бұл жаратылысқа қайшы келу деген сөз. Сондықтан қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасып, қанына сіңген дәстүрін «кеше ислам қабылдадым» деп бүгін оны жоққа шығару – адамның өз тегінің тарихынан хабарсыз екенін көрсетеді. Яғни, дінге қатысты ақпарат алған кезде адамда үнемі ішкі «сүзгі» болуы керек.
"Ақын-жыраулардың дастандары, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына көз жүгіртсек, аят, хадистерге тірелеміз. Ол – анық нәрсе. Қазақтың рухани мәдениетін қалыптастырудағы олардың рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Біздің Абай атамыздың қара сөздерінде діни терминдер, діни сарындағы сөздер барын білеміз. Демек, қай-қайсын алсақ та, адамға берер тәрбиелік мәні бар діни моральдық этикалық құндылықтарды табамыз", – деген Қайрат Құрманбаев неліктен кейбір жастарымыз исламға бүгін келе салып, қазақтың дәстүрлерін жоққа шығаратынын түсіндіріп берді.
Діни таным, білімнің таяздығы, діни сауатсыздықтан кейбір бауырларымыз салт-дәстүрлерді жоққа шығарады. Ол дінді біржақты түсінуден де шығады. Не белгілі бір идеология, белгілі бір діни ұстаным аясында шектелу, бір ғана ғалымның көзқарасымен интерпретациялау, яғни дінді терең дұрыс түсінбеу мәселесі жатыр.
Егер сізге ислам жайлы діни мәлімет беріп жүрген қандай да адамдар қазақтың салт-дәстүрін жоққа шығарып, «нағыз» дінді түсіндіре бастаса, онда қауіптің ортасында отырмын деп түсіне беріңіз және олар жайлы Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармаға хабар беруді ұмытпаңыз.