Аллаберді Ақшабаев Маңғыстау облысының Жарма елді мекенінде тұрады. Аңшылықты кәсіп еткен қария әлі күнге дейін аң аулап, қақпан құрады, деп жазды Skifnews.kz ақпарат порталы, aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
«Ол кезде ауыл тұрғындарының азығы – даланың аңы. «Мергеннен – сыралғы, батырдан – сауға» демекші, кезінде аңшы алған аңның етін бүкіл ауыл болып бөліп жеген. Бүгінде елді мекеннің тау-тасы, құмына басылған ізді танимын. Алғаш рет аңға 20 жасымда шықтым», – деді Аллаберді Ақшабаев.
Маңғыстау немесе өзге өңір болсын, малға қасқыр шапса, Аллаберді ақсақалды арнайы іздеп келеді. Қақпан құруға келгенде оның қолы епті. Өйткені, ол жастайынан әкесінің жанынан бір елі қалмай, көкжал алу әдісін меңгерген.
«Аңға шықсам, тұла бойым кеңіп сала береді. Қақпан құрмасам да кең даланы бір шарлап келсем болғаны», - дейді қарт.