Астанадағы №65 Балбала балабақшасының пайдалануға берілгеніне көп бола қойған жоқ. Алайда, әр жаңбыр жауған сайын бүлдіршіндердің мекеме ғимаратына жетуі мұңға айналады екен. Бұл туралы өзінің Facebook-парақшасында жергілікті тұрғын Азамат Көшенов жазды.
Оның айтуынша, асфальт төселген үлкен жол мен балабақшаның арасы шамамен 200 метр қашықтықты құрайды. Ал, осы 200 метрді жүріп өту үшін бала түгілі ересек адамның өзі лайға белшеден батуға мәжбүр.
"Астана әкімі, тым болмағанда Сарыарқа ауданының әкімі қаладағы 167-көшеде орналасқан №65 Балбала балабақшасына келіп көрсе екен деймін. Үлкен жол мен балабақша арасындағы 200 метр жерді жүріп өту үшін батпаққа батуға тура келеді. Міне, осымен үшінші жыл қатарынан бірде-бір әкім осы қысқа жолға асфальт төсей алмай келеді. Шенеуніктер Астананың сол жағалаумен шектелмейтінін білсе екен. Қалалық дуатлонды біздің ауданда жүргізіп көріңіздер. Сол кезде трендке екі түрлі шұлық емес, батпаққа батқан аяқ киім айналатын болады", - дейді А.Көшенов.
Айта кетейік, Астана Есілдің оң және сол жағалауы болып екіге бөлінеді. Сол жағалауда Ақордадан бастап әкімшілік ғимараттардың басым көпшілігі және бизнес орталықтар орналасқан. Ал, оң жағалау - қаланың ескі бөлігі.