Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» әйелдер ісі жөніндегі теолог маманы Назерке Жетпісбайдың айтуынша, діни сенімнен адасқан әйелдердің басым көпшілігі күйеулерінің ықпалымен теріс ағымды қабылдаған. Яғни олардың жаза басуына тоқсан пайыз жағдайда күйеуі себеп дейді. Бұдан бөлек, ол өмірде кездесетін әрбір қиыншылық кезінде білім мәселесі кәдімгідей жоғары рөл ойнайтынын орталыққа келген әйелдердің мысалымен дәлелдеп берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жоғарыда аталған орталық жыл басынан күні бүгінге дейін 185 әйелмен онлайн форматта, ал карантинге дейін осы орталыққа келу арқылы кездесу өткізген. Нәтижесінде 31 азаматша Қазақстан қоғамының құндылықтарына бейімделсе, 13 әйел адам теріс діни ағым идеологиясынан оңалтылды.
"Бұл жерде жұмыс тек бір бағытта ғана жүрмейді. Мен тек бір әйелмен сөйлесу арқылы толық бір отбасын оңалттым деген сөз емес. Бұл жерде ер кісі теологтардың қатысуымен әлгі әйелдердің күйеулерімен сұхбат жасау арқылы екі жақтап жүргізілген жұмыстың нәтижесі деуге болады. Отыз бір әйел адам бейімделді дегеніміз, олар псевдосалафизм өкілдері болатын. Олар толығымен ханафи мазхабын қабылдаған жоқ, бірақ ақырындап дестуктивті діни ағым қателігін түсіну үстінде. «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығатыны» секілді теріс ағымға санасы уланған адамның бір күнде дұрыс жолға түсуі қиын. Ол бірнеше айлық не жылдық жұмыстың нәтижесі болуы мүмкін. Бұл кісілер ұзақ дәріс, әңгімелесу, түсіндіру жұмыстарынан кейін дінтанушылардың икеміне, ықпалына ойланып, көніп тұрған адамдар", – дейді теолог маман.
Атырау облысындағы екі жыл, Алматы қаласындағы екі жылғы қызметінде Назерке Жетпіспайқызы адасқан әйелдермен сұхбаттасып, қаншама қиын тағдырларға куә болған. Сондағы байқағаны әйел адамдардың көбі күйеулерінің ықпалымен теріс ағымды қабылдаған. Тіпті, тоқсан пайыз жағдайда адасуға күйеуі себепші деп сізге айта аламын дейді. Мәселен, Сирияға кеткен азаматшалардың бәрі күйеулерінің артынан кеткен әйелдер. Бизнесін де тастап, күйеуінің артынан кеткендері бар. Балаларын ана-аналарына қалдырып, күйеуінің соңынан кеткен әйелдер, тұрмысқа шығу үшін әлеуметтік желі арқылы танысып, көрмеген адамынан шетелден шақырту алып, ешкімге айтпай, өздері шетел асып кеткен жас қыздар бар. Яғни ер адамға деген көзсіз сенімнің нәтижесінде басын тасқа ұрып, адасқан әйелдер.
"Осы әйелдердің әрқайсымен жеке жеке сөйлескенде олардың білімі жайлы сұраймыз. Нәтижесінде көбісі мектептен кейін арнайы орта білім де алмаған болып шығады. Жоғары білім алушылар бірен-саран. Жүз әйелге шақсаңыз соның екі-үшеуінде ғана дипломы бар, қалғандары білімсіз әйелдер. Сондықтан оларда күйеулерінің айтқанына қарсы уәж айтатындай білім, өзіндік пікір жоқ. Күйеуі не дейді, сол ең соңғы шындық", – дейді маман.
"Егер осы адасқан әйелдерді жас бойынша жіктесек, басым көпшілігінің жасы отыздан жоғары, қырықтан асқан әйелдер. Теріс ағым өкілдеріне тән бір қасиет бар, әсіресе өздерін ұйғыр ұлтынанбыз деп таныстыратын әйелдер діни ұстанымдарын жасыруға тырысатын көрінеді. Өйткені, орталық мамандары дін жағынан ғана емес психологиялық тұрғыда да астарлы сұрақтар қою арқылы олардың жат ағым өкілі екенін анықтаймыз" дейді. Себебі, олар өздеріне қойылатын сұрақтардың жауабын жаттап алған.
"Ең қарапайымы, мен ер адам мен әйел адамның оқитын намазында айырмашылық бар ма деп сұраймын. Көбісі жоқ деп айтады. Өйткені, псевдосалафизм өкілдері бойынша пайғамбарымыз кезінде қалай намаз оқып көрсетті, дәл солай болу керек деген ұстаным бар. Қандай кітап оқисыз десем, Құран оқитынын, оның өзінде Э.Кулиевтің аудармасын ғана айтады", – деген Назерке адасушы әйелдерге тән ең үлкен қатені айтты. Ол күйеуінің айтқаны ғана дұрыс, одан басқа өмірде шындық жоқ, күйеуім не десе, сол болады деген қатып қалған ұстаным дейді. Сондықтан өз беттерінше ізденіп, «маған айтқан ақпаратта шындық бар ма» дегендей мәселеге бас қатырмайды. Олар бүгінгі ғаламтор беріп отырған мүмкіндікті өз игіліктеріне пайдаланбайды. Мәселен, оңалту жұмыстарындағы бір сәттерде теолог «сіз неге намазды бұлай оқисыз? Ханафи мазхабы бойынша ер мен әйел адамның намаз оқуында айырмашылықтар бар, қол байлағанда, тәкпір алғанда» деп түсіндіре бастаса, «маған күйеуім солай үйретті» деген жауап алатын көрінеді. Дәлелді болсын деп Орталық мамандары Діни басқарманың намаз оқуға арналған кітапшасын көрсетсе «мен күйеуімнен сұрап көрейін» деген ғана жауап естиді.
Интернетте мүфтияттың сенімді сайттары бар деп azan.kz, muftyat.kz деген сайттарда әйел адамдардың намаз оқу үлгісін көрсетсе «менің ұстазым да, уағыз айтатын уағызшым да күйеуім» деп олар сол бетінен қайтпайтын көрінеді. Яғни олардың көбі ақылға салып ойлану, сын көзбен қарау, өз бетінше ізденіп, білім алу, диалогқа ашық болу деген қабілет төмен. Кейбір әйелдердің сөзінен оларды күйеуі басқарып отырғандығын да көресіз.
Ал ең қиыны, олардың сол Құдайдай сенген күйеулері ертең опасыздық жасап, тастап кетсе, олар шарасыз күйде қалады. Алысқа бармай-ақ, осы Кеңес беру және оңалту орталығының екі әйелге көрсеткен заңнамалық көмегін айтсақ та болады. Олардың бірінде жоғары білім бар, ал екіншісі шыны керек өзінің аты-жөнін ғана жаза алғанымен, арыз-шағым дегенді мүлде жаза алмайды. Өзі ауырған, екінші рет тұрмысқа шыққан. Бірінші күйеуден бір бала, екіншісінен екі баласы бар. Сол соңғы күйеуі оның тұңғыш баласын ұрып, күн бермеген. Содан өткен жылы олар заңды түрде ажырасады. Бірақ сол арада кикілжің шығып, қосылған, содан кейін күйеуі екі қызын алып кетіп қалады. Жалға алып тұрып жатқан үйін де тартып алған. «Заң маған не дейді, басымда үйім де жоқ, жұмысым да жоқ, оқымағам, екі баламды сот менен тартып алып, ата-аналық құқымнан айырмай ма?» деп зәре-құты жоқ. Түннің бір уағында хабарласып сұрайды, қазір айтса он минуттан кейін қайта сұрайды. Егер сот органдарына арыз жазса, бала міндетті түрде анасының қолында қалады. Өйткені, анасы өзі бас тартып тұрған жоқ, ішкілікке салынбаған, саналы әйел. Күйеуіне келсек, олар заңды түрде ажырасқан. Күйеуі ажырасқан соң баланы алып кетсе, заң бойынша ол ұрлық болып есептеледі. Егер әйел сол екінші күйеуінің үстінен арыз жазса, бала ұрлау бойынша қылмыстық іс қозғалады деп айтып түсіндіргеннен кейін барып, әйел арыз жазып, қазір ол іс жүріп жатқан көрінеді.
Ал бірінші әйелдің жағдайында ол күйеуімен заңды түрде ажыраспаған. Күйеуі екеуі бірге намаз бастаған. Уақыт өте күйеуі теріс ағым соңынан еріп кеткенін әйелі байқайды. Балаларына теледидар көрме, өшір деп жекіп, балаларының мектепте қосымша баратын үйірмелеріне жібермей, кетіп бара жатқан жерінен тоқтатып, уағыз айтатын болған. Балаларын қорғаштаудан шаршаған әйелге бірде күйеуі жала жауып, тиіседі. Кейін ол басқа өзбек әйелге жасырын үйленіп, бір күні үйдегі сейфті, балаларының туу туралы куәлігі, неке куәлігі, үйдің құжатын және бір кенже қызын туыла сала алып кеткен. Әйелі баласын алып келер деп күткен. Болмаған соң орталық мамандарына келіп, жағдайын баяндап, ақыл-кеңес алып, өзінің құқығы мен күйеуінің қателігін саралап, «ары қарай не істеймін?» дегенге ойланып отыр. Яғни, бірінші әйелдегідей негізсіз қорқыныш, басы артық алаңдаушылық, уайымға салынбаған. Демек, кез келген жағдайда білімсіздік адамды шарасыз күйге түсіріп, айналасын тұмандатып, қараңғы күйге түсірсе, білімді адам мәселенің неден шыққанын сараптап, келесі қадамын қалай басуды ақылмен ойлайды.