$ 494.87  520.65  4.91

Жалған салафизм сан соқтырған Есеттің тағдыры

Ол мидың улануы, сананың ауытқуы және бұлай етуді теріс ағымдықтар шебер меңгерген.
фото: КТК.kz
фото: КТК.kz

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы шаһар тұрғындарын деструктивті теріс діни ағымдардан сақтандыру арқылы экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында бірқатар жұмыс жасап жатыр. Қарапайым халық WhatsApp, телеграмм, инстагармм, фейсбук секілді желілер арқылы келген ақпараттардың кесірінен теріс діни ағымдардың тұзағына ілініп, алдауына түсуде. Аталмыш басқарма алдауға түскендермен жұмыс жасап, арнайы мамандар тартып, адасқандарды қайтадан қатарға қосуға күш салуда. Өйткені біздің мемлекет кез келген адамның өміріне, тағдырына бей-жай қарамайды. 

Әр адамның жеке тағдыры бар. Тағдыры талқан болған бір адам арқылы біз көпті сақтандырамыз. Шын мәнінде  бір адамның адасуының өзі жай қарайтын нәрсе емес. Адасқан жалғыз адам айналасындағы қаншама жандарға әсер етеді. Ата-анасы, аға-бауыр, туыс-туған, дос-жаран бәрінде бар. Біздің өмір сүру салтымызда туыстық қарым-қатынас жоғары рөл ойнайды. Сондықтан да тағдыры тәлкекке түскен жандарды көп немесе аз деп қарауға болмайды. Мысалы үшін кезінде жаза басып, жақында ғана жазасын өтеп шыққан Есет есімді  азаматтың артында аңырап жалғыз анасы қалған. Есетке бес жыл жаза кесілген.       

Жастық шағының  бес жылын қапас қамауда өткізген  Есет ендігі өмірінде қате баспауды ойлайды. Әрине, өкінеді, бүлінбеген бүтін өмірі қайтып келмесін біледі. Қамауда өткен бес жылда көп нәрсені түсінді. Қалған ғұмырында қателіктің орнын толтыруды ойлайды. Жазасын өтеп шыққан  Есеттің әңгімесі басқаларға сабақ болар, осыны оқыған адам көңілге түйер, сақтанар. 
 
Есет жазамды  өтедім,  болды деп қуанып отырған жоқ. Қабағы салыңқы, жүзі сынық. Адасуының алғашқы кездерін қинала отырып, еске алды:  - 2010 жылы дін қабылдағам. Бірақ қабылдағаным салафизм мен жиһадизмнің бағытында болды. Мен бұл бағытты ашық қолдап жүрдім. Сириядағы соғысты құптап, дұрысқа шығардым. Ол кезде мен түсінген жоқпын, шындықты білмедім. Шындығында бұл жиһад емес. Бұл дін бұзушылық. Діннің атын жамылып алып, өз дегендеріне жету екен олардікі. Ешкім дінді ойлап отырған жоқ. Бұл өз қажеттілікттері бойынша жасалып жатқан қара пиғылды әрекет»

Осылайша қателігін түсініп, өзін арбап, адастырған теріс діни ағымың түпкі ойын ашып айтқан Есет  көкірегі қарс айрыла  күрсініп, жерге қарап,  ауыр ойдың құшағына еніп кетті... 
 
Есет дінге  көңіл аудара бастағанда аузынан ана сүтінің дәмі кете қоймаған бозбала еді. Қолында телефон, кез келген жерде компьютер, интернет ашық. Жаратушыға жақындау үшін ілім-білім керек. Ол білімді интернеттен іздейді.  Көңілі алып-ұшқан жас бала ақтың не, қараның қайсысы екенін ажырата алмай жүріп, радикалды топқа қосылады. 

Жасырын жамағаттың басшысын «әмір» дейді екен. Сол әмірлері қатерлі жиһадшылардың уағыздарын тыңдатып, санасын улайды. Соқыр сенімге ерген Есет он екі адаммен бірге ДАИШ-қа адалмыз деп ант береді. Содан кейін қырғыз, өзбек паспорттарын дайындайды. Межелі уақытта бәрі кездесіп, отбасыларымен бірге жолға шығады. Бірақ радикалды топ діттеген жеріне жете алмады. Мемлекеттік бақылаудың, арнайы операцияның  нәтижесінде содырлардың сойылын соққан он екі адам қолға түседі. Барлығы бірдей түрмеге қамалады. 

Тыныш елде тығылып әрекет жасап, ақыр аяғы өздерін тығырыққа тіреген адасушылардың бұл істегендері ислам дінінің шеңберіне сыймайды. Ол туралы теолог-маман Сағынай Рахымжан айтып берді:  Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа (с.ғ.с.) заманында хижрет, яғни, дін үшін көшу бір рет қана емес, бірнеше мәрте болған. Ол көшу дін үшін еді. Ал қазіргі көшу оған мүлде сәйкес келмейді. Неге? Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Біздің елімізде дінаралық келісім бар, дін ұстанушыларға жағдай жасалған. Мешіттерден азан айтылып тұр. Бес уақыт намазды үйде оқисың ба, әлде мешітте оқисың ба, өз еркің. Ешқандай қиындық жоқ».  

Иә, адам қателескенде өзінікін дұрыс деп ойлайды. Ол мидың улануы, сананың ауытқуы және бұлай етуді теріс ағымдықтар шебер меңгерген. Оны біз Есеттің әңгімесінен ұқтық: «Сол кезде көзімде бір перде тұрған сияқты. Дұрысты көрмедім, түзуді ұқпадым. Көп нәрседен хабары болуы керек, адамның. Өздерін сәләф, такфиризм деп есептейтіндерден алыс жүріңдер. Мен кеш түсіндім. Кеш болып қалмасын. 

Отбасыларыңызды ойлаңыздар. Отбасыңнан артық ештеңе жоқ. Жасы келіп, орайы түскенде үйлену керек. Отбасын ойлау осындай жаман әрекеттерден алыстатады деп ойлаймын және үйленген адамның иманы толық адам болып есептеледі. Иманы толық адам ақылмен жұмыс жасайды. Ақылмен жұмыс жасаңыздар».

Кезінде түрлі уағыз айтып, екі дүниенің жақсылығына қарық қылмақ болған әлгі жамағаты басына іс түскенде Есетті қолдамады. Керісінше, сотта бір-біріне жала жабады. Нақақтан даттау, кінәсіз қаралау олар үшін түк емес екен.  Есет қателіктен сабақ алды, адасудан адамдарды ажыратып үйренді. Ол бүгінде жиырма алты жасқа келді.  Онымен психологтар, теологтар жұмыс істеді. Мемлекеттің міндеті қателескендер мен жаза басқандарды жазалап қана қоймайды, олардың қайтадан қалыпқа келіп, қателігін түсініп, соқыр сенімнен ажырауына күш салады. Есет те осындай көп жұмыстың нәтижесінде біраз жайтты түсініп, түпкі санасы шынайы болмысын тапқандай. Онымен жұмыс жасаған теолог не дейді? ЗК169/1 түзету мекемесінің теологы Рашид Рузиев:  «Есет бұрынғы экстремистік-террористік көзқарасынан арылып, дәстүрлі ислам бағыты бойынша Әбу Ханифа мазһабын қабылдап, матруди қағидасын толық түсінді. Онымен көп жұмыс жасалды»

Ақыл тоқтатып, есі кірген Есет өркениетпен жауласқаны мен дәстүрлі дініміздің насихатшылары имамдармен жауласқанына өкінеді, іші удай ашиды. Бостандыққа шықты. Қаншама ой, өкініш артта қалды. Қаумалаған көп досы да жоқ. Әйтсе де ол досының жоқтығына өкінбейді, жалғыз да болса күтіп отырған анасының бар екеніне қуанады. Ендігі өмірінде қартайған анасына қолғабыс етіп, ақ сүтін ақтасам деген мақсаты бар. Оны әрине, өмір көрсетеді. Біз сенгіміз келеді. Сене отырып, жастарымыз осындай олқылықтардан сабақ алса екен дейміз. Ағылған ақпарат ағынына абайлап қарап, аңдап басса екен дейміз. Өйткені бүгінде бәріміздің өмірімізге интернет етене араласып, оны пайдалану технологиясы адамның қабілетінен алға озды. Технологияның мүмкіндігі    қалауымыздан тыс болып жатыр. Заманауи технологияны адамдар жақсылыққа да, жамандыққа да пайдалануда. Осыны ескерсе, түсінсе, ұқса дейміз. Сақтанайық, сақ болайық!
                                                                     
                                                                            Еділ АНЫҚБАЙ 
              

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Салафизм