$ 444.32  473.33  4.76

Алматыда діни радикалдармен жұмыс жасау бойынша әдістемелік құралдың тұсаукесері өтті

Араб елдерінде, мұсылман елдерінде, басқа да елдерде экстремизмнің алдын алу үшін, онымен күресу үшін  өте үлкен қаражат бөлінеді.

Ағымдағы жылдың 28 қараша күні Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша жарық көрген «Радикалсыздандырудың теологиялық нарративтері» атты әдістемелік құрал кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Шараға Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мухаммад аш-Шаххат әл Жинди, «Bsquared» ЖШС директоры Бейбіт Тұрабаев, сондай-ақ  Ризабек Батталұлы,  Бауыржан Әлиұлы бірқатар танымал исламтанушылар мен т.б. ұстаз, ғалым, теологтар мен дінтанушылар, имамдар қатысты. 


        
Жиынның модераторы қызметін кітап авторы, теолог, исламтанушы Асқар Сабдин атқарды. Аталған кітап – діни экстремизм мәселесіне байланысты радикалдардың санасын оңтайландыруға, радикалды жолдан қайтаруға бағытталған  әдістемелік құрал. Теологиялық тұрғыдағы діни әдістер қамтылып,  бүгінгі деструктивті топтардың белең алып, қоғамға қауіп төндіріп тұрған кезінде кітаптың  шығуы қажеттіліктен туды дегенді айтқан автор алғашқы сөзді Нұр-Мүбәрак университетінің ректоры, профессор Мухаммад аш-Шаххат әл Жиндиға берді. 

Профессор Мухаммад: -  бұл еңбек Асқар Сабдиннің ғана емес, университеттің де жетістігі. Деструктивті топтармен полицияның ғана күшімен  емес, идеолгиялық, ғылыми жолдармен де күресуге болатынын біліп, кітап шығаруға ұйытқы болып отырған мемлекеттің де жетістігі. Экстремизмге қарсы жұмыс жүргізгенде олардың қате әрекетін сендер дұрыс істеп отырған жоқсыңдар деумен қатар ғылыми тұрғыда осылай дәлелдеп берудің өз нәтижесі болады. Араб елдерінде, мұсылман елдерінде, басқа да елдерде экстремизмнің алдын алу үшін, онымен күресу үшін  өте үлкен қаражат бөлінеді. Сонымен қатар Батыстық БАҚ-тар Бірінші, Екінші дүниежүзілік соғысты айта келіп, Үшінші әлемдік соғыстың басталуын исламмен байланыстыратынын байқаймыз. Деструктивті топтардың, экстремизм мен терроризмнің кесірінен исламды зұлым етіп көрсету бізді қынжылтады. Исламды жағымсыз көрсетіп жатқаны жанымызды ауыртады. Негізі ислам – бейбітшілік діні, басқаны құрметтейтін дін, қоғамдағы барлық мәселені реттейтін дін. Жалпы тарихтағы тұңғыш ислам мемлекеті болып есептелетін Мәдина қаласында мұсылмандармен қатар яхудилер, пұтқа табынушылар, христиандар – бәрі өмір сүрген. Сол кездегі алғашқы мұсылман мемлекетінің басшысы  Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз яхудилердің, христиандардың, пұтқа табынушылардың конституциялық хақтарын көрсетіп берген, барлық тұрғындардың құқықтарын  сақталған. Сондықтан радикалдарға айтарым, шын мәніндегі исламды жақсылап оқыңыздар. Ислам зорлық-зомбылықтың діні емес, дамудың, мәселені шешудің діні. Нұр-Мүбәрак университеті болсын, ҚМДБ болсын, қоғамның болсын -  бәріміздің міндетіміз экстремизм мен тероризмнің алдын алу, олармен бірлесіп күресу.  Осындай экстремизмнің алдын алуға байланысты кітаптың шыққанына қуаныштымын. Нұр-Мүбәрак университетінің түлектері тек қана ораза, намазбен ғана шектелмей, қоғамадағы актуалды мәселермен де айналысуы керек. Қоғамның бейбіт өмір сүруі баршамыздың ортақ мақсатымыз. Сіздерге алғыс білдіремін», - деді.    

Келесі кезекте сөз алған Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Ақылбекұлы бүгіндегі мемлекеттің басым бағыттарының бірі экстремизм мен терроризмнің алдын алу болып отырғанын айтты. 2017 жылдан бері қаламызда оңалту орталықтары ашылып, дінтанушы ғалымдар, теологтар, имамдар адасушылармен, санасы радикалданғандармен қыруар жұмыс жасап жатқандығына жан-жақты тоқтала келіп, тұсауы кесіліп жатқан кітапты басқа аймақтардағы әріптестерге ұсынатынын, министрлікті хабардар ететінін айтты. Әдістемелік құралдың теріс діни ағымдарға қарсы істелетін жұмысқа өз тиімділігін беретініне, имамдар мен теологтар үшін құнды дүние боларына көз жүгіртіп, парақтап шыққаннан кейін айтып отырғанын тілге тиек етті.  

Тұсаукесерге жиналған жұрт әдістемелік құралды жан-жақты талқылады. Исламтанушы ғалым, Дамира Сиқымбаева да өз ойын ортаға салды. Доктор бұл кітапты Қазақстан деңгейінде ғана емес, Орталық Азиядағы елеулі еңбек деп атап өтті. Сонымен қатар бұл кітаптың жан-жақты пәнаралық  байланысы барын айтты.

Отырысты жүргізіп отырған кітап авторы Асқар Сабдин доктор Дамира Сиқымбаеваның ұсыныстары мен ескертпелерін қабыл алып, кейбіріне түсініктеме беріп өтті. Практика мен теория қатар жүрмесе, қандай да жұмыстың нәтижесіз болатынын айтқан Асқар Сабдин мырза Франциядағы, басқа да Батыс елдеріндегі радикализмнің ушығып тұрғаны біржақты ғана жұмыстың көрінісі екенін дәлелдей кетті. Біздің осы саладағы мамандар, теологтар, дінтанушы, исламтанушы ғалымдарымыздың тәжірибе жинап, біршама нәтижелі жұмыстар жасап жүргенін айта келіп, алдағы уақытта жүйелі түрде жұмыс жасайтын механизмдерді іске қосуды мемлекет көздеп отырғанын жеткізді. Бұған дейін әдістемелік құралдың болмағанын ескерген және осы кітаптың шығуына ұйытқы болған Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармаға, оның басшыларына, қызметкерлеріне алғыс білдірді. 

Бұл жиында көптеген мәселелер айтылды. Олардың шешілу жолдары жан-жақты қарастырылды. Әдістемелік құрал жазылудағы мақсат та экстремизм мен терроризмнің алдын алып, деструктивті топтардың,  теріс ағымның жолын кесу. Сол тұрғыдан бұл кітаптың берері мол, нәтижелі болатынына жиналған мамандар мен ғалымдардың ой-пікрірінен түйдік. Елге дұрыс жол көрсетіп, теріс кеткендерді оңалту үшін жазылған кітаптың дер кезінде шыққанына, дәл уақытында шығуға себеп болған Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасына көпшілік сәттілік тіледі. Теріс жолдан сақтандыру бағытындағы және аңдамай адасқандарды қайта қатарға қосу үшін жазылған бұл кітап ел игілігі. Ел игілігі үшін істелген іске бәрекелді дейміз. Ал деструктивті діни топтардан сақ болайық, сақтанайық!  
                                                                                

                                                                                                                   Еділ АНЫҚБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары