$ 494.87  520.65  4.91

Президенттің тапсырмасымен жалғызбасты әке баспаналы болды

Бөлмелері кең баспана қаланың жаңа шағынауданынан берілді.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Ақтөбеде төрт баланы бір өзі бағып отырған Амангелді Зайдуллаевтың баспана мәселесі Президенттің тапсырмасы бойынша шешімін тапты, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Жұбайынан ерте айырылған жалғызбасты әкенің мүшкіл халі бұған дейін бүкіл елге тараған еді. Қиындыққа тап болған отбасының жағдайы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында болды. Ел азаматтары да қол ұшын созып, атсалысты. Бүгін, міне, Зайдуллаевтар отбасына үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Сондай-ақ, үйдің ішін тұрмысқа қажетті бұйымдармен де жабдықтап берген.

Басты арманы орындалған Амангелді Зайдуллаевтың қуанышында шек жоқ. Себебі жұбайынан айырылғалы төрт баламен талай пәтер жалдап, әбден қиналған кездер артта қалып отыр. Енді тапқан азын-аулақ табысы ұл-қыздарының қажеттілігін қамтуға бағытталады. 

"Пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Қыз балалар өсіріп отырғаннан кейін қорықтым. Мен жұмысқа кеткен кезде қорқып, уайымдаушы едім. Ағамның саяжайындағы бір бөлме сарайда да тұрдым. Мына баспананы алып беріп жатқан халқыма мың алғыс!", - дейді жалғызбасты әке Амангелді Зайдуллаев.

Қиын жағдайға тап болған отбасының жағдайы әкімдіктің назарынан тыс қалмады. Облыс басшысы құрылыс компанияларымен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде, танымал кәсіпорын жеңілдетілген бағамен пәтер ұсынды. Ал «Қарекет» қайырымдылық қоры көмек қолын созған барша азаматтың қолдауымен қаражат жинақтады. Олардың арасында депутаттар мен ірі компаниялар және өзге де бизнес нысандардың жетекшілері бар.

"Бірінші күннен бастап бұл жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бақылауында тұрды. Президенттің тікелей тапсырмасымен ел азаматтарына өтініш жасалғанда, бәрі де атсалысты. Осындай тамаша, 93 шаршы метр үш бөлмелі үй берілді. Балалардың демалуына да, оқуына да, ойнауына да толық мүмкіндік бар", - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Бөлмелері кең баспана қаланың жаңа шағынауданынан берілді. Ал отағасы жақында осы үйді салған компанияға жұмысқа алынатын болды. Төрт баланың оқуы мен тұрмысына да бірнеше ұйым көмек көрсетуді міндетіне алып отыр.

"Осы үйдің түгелдей жабдықталуына кәсіпкерлеріміз, жеке ұйымдардың жетекшілері жұмылып, солардың арқасында көп жұмыс атқарылды", - деді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.      

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары