Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы деструктивті діни топтардың идеологиясын насихаттайтын материалдарды таратқан адамға заң жүзінде қандай шара қолданылатынын ескертті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Теріс діни әдебиеттер, экстремистік ақпараттар, террористік пиғылда жазылған кітаптар, аудио-видео материалдар тізімі Республикалық «Терроризмге қарсы комитет» қоғамдық бірлестігінің сайтында тұрғандығын жеткізді.
Қазақстанда пайдалануға тиым салынған материалдардың тізімі 700-ден асады екен. Тізім Республикалық «Терорризмге қарсы комитет» қоғамдық бірлестігінің сайтында жарияланған. Бұл материалдар тізімге әр жылдары енген. Ең бастысы халық, әсіресе жастар бұл материалдардың зиянды екенін білуге тиіс. Ондағы материалдар шынайы өмірден алыс, шын мәніндегі исламды сипаттамайды, мәліметтер теріс, оқыған адамды шатастырады, қысқасы, деструктивті топтардың манипуляциялық қаруы.
Мұндай кітаптардан, аудио-видео өнімдерден айналып өтіп алыс жүрген және қолға ұстамаған дұрыс. Өйткені бұл материалдарды тарату заңға қайшы. Заңға қайшы дүние істелгеннен кейін білмей қалдым, байқамадым деген ақталу жүрмейді. Қазақстан заң қағидаларымен жүретін зайырлы мемлекет. Сондықтан Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жоғары оқу орындары мен колледждерде тиым салынған материалдарға қатысты ZOOM онлайн қосымшасы арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Қылмыс әртүрлі жағдайда жасалатыны белгілі. Кейбіреу байқаусыз ұрынады, енді біреу аңғалдықпен арандайды, білместікпен істейтіндер кездеседі және әдейі, саналы түрде қылмысқа баратындар бар. Әрине, сот жүйесі кімнің қалай қылмыс жасағанын анықтап, соған қарай жаза кеседі. Қалай болғанда да қылмыстың аты қылмыс. Жастардың осыны ұғып, алданудан аман болуын қалаймыз. Мысалы үшін осы тақырыпта TAU NEWS-тің арнайы жасаған материалы көп адамға сабақ бола алады. Бұл материалды көрген адам абай болады, сақтанады.
Бүгінде мемлекет экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында интернетте мониторниг жасап отырады. Осы мониторинг жасау барысында Түркістан облысының тумасы Нұрбол Қыстаубаев «вконтакте» парақшасында экстремистік бағыттағы материалдарды жариялаған. Ол Ділмұрат Әбумұхаммад деген атпен танымал Ділмұрат Махамадовтың теріс уағыздарын таратыпты. Ол кім? Түркістан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары Медет Халықов айтып берді: «Ислам атын жамылған, салафилік тармағындағы деструктивті діни ағымдардың басшылары Әбдухалел Әбдужаппар, Ділмұрат Махамадов, Октам Зауырбеков, Мамыржан Хайқыметов, Әбдурахим Рахматуллаев секілді теріс ағымның лидерлері біздің облысымыздан шыққан. Ділмұрат Махамадов Сауд Арабиясы мемлекетінде күмәнді теологиялық оқу орындарында білім алғандығы белгілі боды».
Бұрындары іс-әрекеттерін астыртын жүргізіп, бет-бейнесін исламмен бүркемелеп, талай тағдырды жолдан тайдырған мұндайларды мемлекет тайраңдатып қоймайды. Бақылап, анықтап, қылмысы болса, абақтыға апарып, қамап жатыр. Елді бұзуға, жастардың санасын улауға ешкімнің қақысы жоқ. Жоғарыда аты аталған Ділмұрат Махамадов 2018 жылы Сауд Арабиясында заңсыз миссионерлікпен айналысқан деп айтыпталып елге экстрадицияланған. Ол әуежайдан түсісімен түрмеге қамалды.
Еліміздің болашағы – жастарымыз жалған діннің құрбаны болмас үшін мемлекет мұндайларды шетінен құрықтап жатыр. Экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізуде. Мұның барлығы да жастарды қауіптен сақтау. Дәлелхан Оспанов мырза айтуына сүйене отырып, жастарға интернетке бейберекет материалдар сала беруге болмайтынын ескерткіміз келеді. Ол салушының өзіне зиян тигізуі мүмкін: «Қылмыстық кодекстің 174-бап, 1-тармақшасында жаңадан термин енгізілді. Ол құқықтық термин. Бұрын ол жерде тек қана ұлтаралық алауыздықты қоздыру деген болса, 2017 жылдан бастап, дінаралық алауыздықты қоздыру деген сөз қосылып, осы заң күшіне енді. Бірінші ескерту беріледі. Олардың интернетте таратқан материалдарына байланысты талдау, анализ жасау мониторингі жүргізілді. Талдау, анализ жасау барысында таратылған материалдар діни алауыздық тудыратын материалдар болып табылды. Осыдан кейін бүкіл деструктивті діни идеологияны таратып жүргендердің бәрі сотты болды. Сосын үкім шықты. Фейсбук, инстаграмм, телеграмм, басқа да сайттар мен әлеуметтік желілерде теріс уағыз жүргізген, зиянды материалдар таратқандары үшін жүзден астам адамға қылмыстық іс қозғалды. Сот олардың көпшілігіне екі жылдан жеті жылға дейін жаза кесіп, үкім шығарды».
Мысалыға келтіріп отырған Нұрбол Қыстаубаев Сауд Арабиясында күмәнді теологиялық оқу орнын бітіріп келген Ділмұрат Махамадовтың уағыздарын таратқан. Ол уағыздар көпшілікке зиян, дінге теріс, заңға қайшы. Сол себепті 38 жастағы Нұрбол Қыстаубаев екі жылға шартты түрде сотталды.
Бүгінгі таңда интернет арқылы таралып жатқан теріс уағыздар өте қауіпті. Оның астарына үңілмеген жастардың санасы уланып, миы айналып, соқыр сенімге сеніп, деструктивті топқа еріп кетіп жатқаны өкінішті және алаңдатады. Мемлекетіміз алаңдап немесе өкінумен шектеліп отырған жоқ, әрине. Әрекет жасап, ондай зиянды дүниелердің алдын алып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шаралар ұйымдастыруы жастарымыздың болашағы үшін. Еліміздің ертеңі жастарымыздың қолында екендігі жай атыла салған сөз емес. Әрбір жас саналы, білімді, бәсекелестікке қабілетті болуға тиіс. Олардың жалған діннің жетегінде кетпеуі мемлекет үшін маңызды. Еліміздегі жастар арқылы Қазақстанның келбетін айқындай аламыз. Демек, кемел келешек үшін жастарға дұрыс тәрбие, анық бағыт керек. Десруктивті топтар осы бағытқа кедергі келтіріп жүр.
Жастарымыз солардың арбауынп түсіп кетіп, адасып жатқаны айтқанға ғана жеңіл. Ал басынан кешірген жан мен оның ата-анасы, туыс-бауыр, жақындары үшін өте ауыр. Сондықтан жастарымызға кез келген жерден діни әдебиеттерді алып оқи беруге болмайды дегіміз келеді.
Алғашқы бетінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің және ҚМДБ-ның оң сараптамасын алған кітаптарды ғана оқу керек. Сонымен қатар кез келген адамның уағызын тыңдап имани білім аламын деу қате. Елімізде арнайы діни білім беретін оқу орындары бар. Ал енді уағыз тыңдаймын десеңіздер мешіттер бар, имамдар бар. Бұл заман не нәрсеге болсын сыни көзбен қарап, талғап, таңдап әрекет ететін заман болып тұр. Сақтықта қорлық жоқ деген дана қазақ. Сақтансаң, сақтайды деген де айтылады. Бүгінгідей ақпарат нөпірі өткел бермей тұрған заманда сақ болайық, сақтанайық!
(фактілер TAU NEWS-тен алынды)
Еділ АНЫҚБАЙ